28 тамыз – Қарулы Күштердің Тыл мамандары күні
28 тамызда Қазақстан Қарулы Күштерінде тыл мамандарының кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл күн – әскерді қару-жарақпен, жанар-жағармаймен, азық-түлікпен, мүлікпен және техникалық қамтамасыз ету ісінде еңбек етіп жүрген әскери қызметшілердің кәсібилігі мен еңбегін құрметтеудің белгісі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған күннің тарихы 1992 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы әскерді басқарудың орталықтандырылған органы құрылып, содан бері қарулы күштердің толыққанды қамтамасыз етілуіне жауапты құрылымға айналды.
Қазіргі таңда Қазақстан армиясының тыл қызметі қарулы күштердің ажырамас әрі заманауи бөлігі болып отыр. Соңғы жылдары бұл салада цифрландырудың жаңа шешімдері енгізіліп, әскерді қамтамасыз ету тәсілдері түбегейлі өзгерді. Қорларды электрондық есепке алу, құжат айналымын автоматтандыру және қоймадан сарбазға дейінгі тауар қозғалысын бақылау жүйесі енгізілді. Жақын уақытта әскери мүліктің әрбір бірлігін цифрлық таңбалау жоспарланып отыр.
Сонымен бірге әскери логистика жүйесі жетілдірілуде. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-пен ақпараттық жүйелерді интеграциялау тасымалдау құжаттарын рәсімдеуді жеңілдетіп, шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазақстан тыл мамандары өздерінің кәсіби даярлығын жаттығулар барысында да дәлелдеп келеді. 2024 жылы Беларусьтегі «Брест» полигонында өткен «Эшелон-2024» халықаралық оқу-жаттығуларына қатысып, әскерді қажетті ресурстармен толық қамтамасыз етті. Ал 2025 жылдың көктемінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадты қамтамасыз ету міндетін абыроймен атқарды.
Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштері тыл бастығының басқармасы – армияның сенімді арқауы, жауынгерлік қабілеттің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін тиімді әрі заманауи жүйе болып табылады.
Дереккөз: Қорғаныс министрлігі




