Елімізде білім көшбасшылары анықталды
Елде Мемлекет басшысының бастамасымен «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Биыл бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер саны 2,5 есе артқан, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатысушыларды іріктеу бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлердің кәсіби және басқарушылық қабілеттерін бағалау үшін тестілеу өткізіледі. Екінші кезеңде үміткерлер оқуға қабылданады. Үшінші кезеңде олар елдің үздік мектептерінде тәжірибеден өтеді. Төртінші кезеңде қорытынды бағалау жүргізіледі, ал бесінші кезеңде үміткерлер министрлік комиссиясымен әңгімелесуден өтеді. Барлық кезеңдердің нәтижесі бойынша білім беру ұйымдарының басшыларының республикалық кадр резерві жасақталады.
Биыл алғашқы кезеңге 13 796 үміткер тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Барлық бес кезеңнің қорытындысы бойынша 375 үміткер балабақша, мектеп және колледж басшыларының лауазымына ұсынылды.
Айта кетейік, өткен жылы Республикалық кадр резервіне 208 үміткер енген болатын, оның 170-і қазір мектеп директоры қызметіне тағайындалды.