KZ
Өскемен
-42°
туман жел 1 м/с, СШ
512.16 594.72 6.57

«Ауыл аманаты» жобасы – ауыл әйелдерінің мүмкіндіктерін кеңейтуде

3.11.2025, 16:30 229 Базарова Айгүл

Шемонаиха ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айым Қабылбаева «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы арқылы өз кәсібін сәтті дамытып келеді. Бұл бастама ауыл тұрғындарының табысын арттырып, шағын кәсіп ашуға нақты мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Жоба аясында Айым Қабылбаева 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, тігін саласын дамытуға бағытталған ісін қолға алды. 8 миллион теңгеге заманауи кәсіби жабдықтар – тігін және кестелеу машиналары, оверлок, DTF-принтер, түрлі фурнитуралар мен қажетті құрал-жабдықтар алынды. Осылайша, ол бұрын арман болып келген кәсібін нақты іске айналдырды.

Бүгінде кәсіпкердің шағын шеберханасында ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі киімдер тігіледі. Сұраныс күннен-күнге артып келеді, себебі өнімдердің сапасы жоғары, ал бағасы қолжетімді. Жаңа шеберхана жаңа жұмыс орындарын да ашты. Ауданның бірнеше тұрғыны үшін тұрақты табыс көзіне айналды.

Айым Танашқызының айтуынша, жобаның басты тиімділігі – қолжетімді қаржыландыру мен нақты мемлекеттік қолдау. 

«Көп жылдан бері тігін ісімен айналысуды армандадым. Бірақ қаражаттың жоқтығынан бастау қиын болды. “Ауыл аманаты” жобасы туралы естіген соң қатысуға бел будым. Бүгінде өз ісімді кеңейтіп, сапалы отандық өнім шығаруға ниеттімін. Партия мен мемлекетке көрсеткен қолдауы үшін алғысым зор», – дейді кәсіпкер.

Қазір шеберхананың ай сайынғы таза табысы шамамен 300 мың теңгені құрайды. Болашақта Айым Қабылбаева өндіріс ауқымын ұлғайтып, брендтік киім желісін қалыптастыруды жоспарлап отыр.

«Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындарының, әсіресе, әйелдердің экономикалық белсенділігін арттырып, олардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына түрткі болып отырған маңызды бастама. Мұндай нақты қолдау ауыл экономикасының дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына зор үлес қосуда.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу