KZ
Өскемен
-1°
снег жел 8 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

ШҚО ТЖД ескертеді: тозған электр сымдары өртке себеп болуы мүмкін

2.10.2025, 10:00 192 Ержан Әбіш

Ағымдағы жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында тұрғын секторда 427 өрт тіркелді. Оның ішінде 150 жағдай электр құралдары мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан шыққан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ШҚО ТЖД мамандарының айтуынша, мұндай өрттерге тұрғындардың мынадай қателіктері себеп болады:

  • Бір мезетте бірнеше өткізгіш, ұзартқыш пен үш көзді қосып қою;
  • Электр құралдарын (мысалы, телефон қуаттағышын немесе пешті) қараусыз қосулы қалдыру;
  • Ұшқын шығаратын немесе ақауы бар розеткаларды пайдалану, бір розеткаға бірнеше құрал қосу;
  • Электр құралдарын жанғыш заттардың қасына қою;
  • Тозған немесе қауіпті жағдайда тұрған сымдарды пайдалану.

ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов қазіргі уақытта электр желілеріне түсетін жүктеменің күрт артқанын атап өтті:

«Әр бөлмеге теледидар, кондиционер орнатамыз, кір жуғыш машина, электр плита қолданамыз, тіпті жылы еден жүйесін қосамыз. Бірақ жаңа құралды сатып аларда сымдар шыдай ма, жоқ па – соны ойламаймыз», – деді ол.

Мамандардың айтуынша, электр құралын қосулы қалдыруға болмайды, бұл бүкіл үйге қауіп төндіреді.

ШҚО ТЖД ескертеді:

  • Электр құралын қолданбас бұрын нұсқаулығын мұқият оқыңыз;
  • Пайдалану уақыты мен ток шамасына мән беріңіз;
  • Бір розеткаға бірден бірнеше қуатты құралды қоспаңыз;
  • Ақаулы розеткаларды пайдаланбаңыз;
  • Құрал қосылғанда жарық күңгірттенсе – бұл желінің шамадан тыс жүктелгенінің белгісі;
  • Үйден шығарда барлық электр құралдарын ажыратып кетіңіз.

Өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу