«Altay Invest-2025»: Логистика, экспорт және туризмге жаңа серпін
Шығыс Қазақстан облысында халықаралық инвестициялық форум «Altay Invest-2025» өз жұмысын бастады. Бұл – инвесторлар, кәсіпкерлер мен билік өкілдерінің басын қосқан үлкен алаң. Форумға қатысушылар аймақтың мүмкіндіктерін талқылап, жаңа бизнес-жобалар мен бірлескен бастамаларды қарастырады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов форумның ашылуында өңірдің стратегиялық басымдықтарын атап өтті.
Соңғы бес жылда Шығыс Қазақстанға 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған. Биылдың өзінде тағы 1 трлн теңге қаражат құю жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде аймақта құны 100 млрд теңгеден асатын 11 жоба іске асырылуда. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасын нығайтуға жол ашады.
Форумда туризмді дамыту, шекара маңындағы ынтымақтастықты кеңейту, тікелей инвестициялар тарту, экспорт әлеуетін арттыру, сондай-ақ көлік-логистикалық әріптестікті жолға қою мәселелері қаралды. Өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін пайдаланып, халықаралық дәліздерге интеграциялану басты басымдық ретінде белгіленді.
Сонымен қатар, кадр даярлау, инфрақұрылымды жетілдіру және цифрландыру бағыттарына да ерекше назар аударылып отыр. Бұл шаралар инвесторлар мен тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет















