Шығыс Қазақстанда «Altay Invest-2025» халықаралық форумы басталды
Шығыс Қазақстан облысы инвестиция мен даму жөніндегі ірі халықаралық диалог алаңына айналды. Өскеменде «Шығыс Қазақстан – өсімнің жаңа көкжиектері» ұрансөзімен «Altay Invest-2025» форумы ашылды. Шараға инвесторлар, сарапшылар мен кәсіпкерлер жиналып, өңірдің негізгі салаларының болашағын талқылап, экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Форум аясында инвестициялық жобалардың ауқымды көрмесі ұйымдастырылды. Онда өңірдің 50-ден астам компаниясы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және туризм саласындағы өнімдері мен стендтерін ұсынды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, серіктестер тауып, бірлескен бастамаларды іске асыру тетіктерін талқылауға мүмкіндік алды.
Басты мақсат – Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық және экспорттық әлеуетін көрсету, сондай-ақ оның халықаралық ынтымақтастыққа дайындығын паш ету. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Altay Invest-2025» сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, көлік-логистикалық әріптестікті кеңейтуге және тікелей инвестициялардың өсуіне серпін беруге бағытталған.
Негізгі міндеттердің қатарында институционалдық диалогты дамыту, бизнесті жүргізуге қолайлы орта құру, шекара маңындағы әріптестікті нығайту және туризм саласында жаңа жобаларды қалыптастыру бар. Сондай-ақ өңірлік көлік дәліздеріне ықпалдасу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл транзиттік тасымал көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Форум – Шығыс Қазақстанның ашық диалогқа және жаңа идеяларға дайын екенінің белгісі. Мұнда сарапшылар, инвесторлар мен кәсіпкерлер бас қосып, даму басымдықтарын бірлесе айқындап, өңір экономикасын өзгертуге қабілетті қадамдарды жоспарлауда. Форум аясында панельдік сессиялар, В2В-кездесулер өтеді, сондай-ақ болашақ жобалар мен өсімнің жаңа көкжиектеріне негіз болатын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылады.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников








