Қазгидромет: демалыс күндері тұман, үсік пен қар аралас жаңбыр болады
Қазгидромет мамандарының хабарлауынша, 28 қыркүйекте еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр аралас қар, тұман және үсік күтіледі. Кей жерлерде жел күшейіп, өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Ақмола облысы
Түнде жаңбырдың соңы қарға ұласады. Шығыста қатты жаңбыр жауады. Күндіз солтүстікте қайтадан жауын-шашын болады. Түнде және таңертең солтүстік пен шығыста тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, оңтүстігі мен шығысында екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.
– Астана қаласында түнде және таңертең тұман болады. Желдің екпіні таңертең және күндіз 15-20 м/с.
– Көкшетауда түнде және таңертең жаңбыр қарға ауысады.
Солтүстік Қазақстан облысы
Түнде оңтүстігі мен шығысында, күндіз солтүстігі мен шығысында жаңбырдың соңы қарға ұласады. Түнде және таңертең тұман түседі.
Павлодар облысы
Солтүстіктен жел соғып, күндіз оңтүстігі мен шығысында 15-20 м/с күшейеді. Солтүстік пен шығыста өрт қаупі жоғары болып қалады.
Қарағанды облысы
Түнде және таңертең солтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа ауысып, күндіз батысы мен шығысында 15-18 м/с. Оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысы
Түнде және таңертең солтүстігінде тұман болады. Оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар.
Қостанай облысы
Күндіз солтүстік-шығыста қар аралас жаңбыр жауады. Түнде шығысында тұман түседі. Кей жерлерде топырақ бетінде 1°С үсік күтіледі. Оңтүстігінде өрт қаупі жоғары.
Ақтөбе облысы
Түнде солтүстігінде 2°С үсік күтіледі. Облыстың батысы, солтүстігі, солтүстік-шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі бар.
– Ақтөбе қаласында да түнде 2°С үсік болады.
Түркістан облысы
Жел батыстан соғып, тау асуларында 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Облыс аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.
– Шымкент пен Түркістан қалаларында да осындай жағдай.
Қызылорда облысы
Өрт қаупі өте жоғары деңгейде қалады.
Жамбыл облысы
Таулы аудандарда найзағай ойнап, түнде тұман түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Облыстың батысы, солтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысы
Түнде және таңертең солтүстігі мен батысында тұман түседі. Кей жерлерде 1°С үсік күтіледі.
– Орал қаласында да түнде топырақ бетінде 1°С үсік болады. Өрт қаупі жоғары деңгейде қалады.
Атырау облысы
Түнде және таңертең батысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
– Атырау қаласында да түнде және таңертең тұман түседі.
Маңғыстау облысы
Солтүстік-шығыстан жел соғып, түнде батысы мен оңтүстігінде күші 15-18 м/с-қа жетеді. Оңтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары.