ШҚО-да республикалық және облыстық маңыздағы тас жолдар жабық
10 желтоқсанда таңғы сағат 06:00-ден бастап аймақта ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар автожолдар жабылды. Қарлы боран және көктайғақтың салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Республикалық маңызы бар үш бағытта қозғалыс тоқтатылды:
«Өскемен – Риддер» (15–105 км, Белоусовка – Риддер);
«Өскемен – Шемонаиха» (1104–1191 км, Глубокое ауылы бұрылысы – Шемонаиха);
«Өскемен – Семей» (10–103 км, Герасимовка – Абай облысы шекарасы).
Сонымен қатар, қатты боран мен көктайғақ салдарынан облыстық маңызы бар «Шемонаиха – Секисовка» (0–56 км) бағытында жол қозғалысына уақытша тыйым салынды.
Төтенше жағдайлар қызметі жүргізушілерді алыс жолға шықпауға, ауа райына байланысты ескерту хабарламаларын қадағалап отыруға шақырады. Қозғалыстың ашылуына қатысты қосымша ақпарат кейін хабарланады.