KZ
Өскемен
-23°
плотный туман жел 1 м/с, С
509.94 593.88 6.43

«Шемонаиха – Секисовка» бағытындағы жол қозғалысына шектеу енгізілді

5.12.2025, 09:45 138 Базарова Айгүл

«ОблШығысЖол» ЖШС ұсынған ақпаратқа сәйкес, 5 желтоқсан күні сағат 10:00-ден бастап Шығыс Қазақстан аймағында қолайсыз ауа райына орай жол қозғалысына шектеулер енгізілді. Тұман мен боран, екпінді жел, қарлы бұрқасын және көктайғақтың салдарынан көлік қозғалысын айтарлықтай қиындатқан. Осыған байланысты жауапты мекемелер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шектеу шарасын қабылдап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz.

Атап айтқанда, «Шемонаиха – Секисовка» облыстық маңызы бар автожолының 0–56 шақырым аралығында рұқсат етілген ең жоғары салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктері мен тіркемесі және жартылай тіркемесі бар ірі автокөлік құрамдарының қозғалысына уақытша тыйым салынды. Бұл – ірі жүк машиналарының жолда тайғанап, төтенше жағдай туғызу қаупін азайтуға бағытталған алдын алу шарасы.

Қазір өңірде ауа райы күрт өзгеріп, жолдарда көріну деңгейі төмендеген. Бұл жағдай, әсіресе, ұзақ қашықтыққа жүк тасымалдап жүрген көліктер үшін қауіпті. Сол себепті мамандар алыс сапарға шықпай, ауа райы мен жол жағдайы тұрақтанғанша күте тұруды ұсынады.

Төтенше жағдайлардың алдын алу қызметтері, жол жөндеу бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Құзырлы органдар жүргізушілерді жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, қажетсіз сапарды кейінге шегеруге шақырады.

Ауа райының тұрақталған жағдайда жол қозғалысының шектеуі алынатыны хабарланады. Ақпарат қосымша жарияланады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу