KZ
Өскемен
-24°
туман жел 1 м/с, С
512.16 594.72 6.57

Шығыс Қазақстанда есірткі тасымалдаған жас жігіт қолға түсті

4.12.2025, 17:00 176 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары тағы бір ауыр қылмыстың жолын кесті. Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы кинологиялық қызмет мамандарымен бірлесе жүргізген арнайы операция нәтижесінде тыйым салынған синтетикалық есірткілерді жасырын интернет-дүкен арқылы сатумен айналысқан 26 жастағы азамат қолға түсті. Бөгде өңірден келген жігіт облыс аумағында «қойма-ораушы» қызметін атқарған, яғни улы заттарды қабылдап, буып-түю және таратумен айналысқан деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жедел әрекет пен мұқият жоспарланған іс-шара өз нәтижесін берді. Тінту барысында оның жалдап тұрған пәтерінен жалпы салмағы 419 грамм болатын психотроптық заттар – 132,52 грамм α-PVP және 286,48 грамм мефедрон табылған. Бұл мөлшер – ондаған адамды улауға жететін, аса қауіпті көлем. Сонымен қатар, қаптауға арналған көптеген зип-пакеттер, электронды таразы, изолента және өзге де атрибуттар тәркіленді. Әрбір зат – бұл оның қылмыстық жолмен табыс табуға тырысқанын дәлелдейтін айғақ.

Қолға түскен азамат қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу толығымен аяқталған соң, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.

– Есірткі сақтау, тарату немесе дайындау – заң алдында ауыр жауапкершілікке әкелетін қылмыс. Мұндай ауытқушылық жеке тағдырды ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігін, жастардың ертеңін улайды, - деп ескертеді ШҚО Полиция департаменті.

Қоғам тыныштығы – әр азаматтың қолында. Сол себепті тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын бейжай қалмауға, күдік туғызатын кез келген дерек туралы жедел хабар беруге шақырады. Бір қоңырау, бір хабар – бір өмірді ажалдың уынан арашалап қалуы мүмкін.


Фото: ШҚО ДП

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу