ШҚО-да 1,5 кг мефедрон таратқан күдікті ұсталды
Шығыс Қазақстан облысында синтетикалық есірткіні жасырын таратуға қатысты ірі қылмыстық іс әшкереленді. Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері, прокуратурамен бірлескен жедел шара барысында 27 жастағы көршілес облыс тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Тінту кезінде күдіктінің жанынан ақ түсті ұнтақ салынған полимерлі пакет табылып, бірден тәркіленді. Одан кейін оның тұрғылықты жерін тексеру барысында тағы бір қызғылт түсті ұнтақ, сондай-ақ есірткіні бөлшектеуге және орауға арналған бес электрондық таразы мен арнайы қаптамалар анықталды.
Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың психотроптық «мефедрон» — 496,71 грамм және «A-PVP» — 581,13 грамм екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, полицейлер күдіктінің жасырын қоймасынан қосымша шамамен 500 грамм синтетикалық есірткіні тапты.
Жалпы тәркіленген заттардың салмағы 1,5 килограммнан асып, шамамен 5 мың бір реттік дозаға тең. Қара нарықтағы құны — 34 миллион теңгеден жоғары.
Тергеу барысында күдіктінің 2025 жылдың қазан айында өңірге келгені және қаланың түрлі аумақтарында есірткіні жасырын орындарға қойып отырғаны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ШҚО Полиция департаменті синтетикалық есірткілердің адам денсаулығына аса қауіпті екенін, мұндай қылмыстардың ауыр құқықтық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Құқық қорғаушылар кез келген күмәнді жағдайды немесе белгісіз адамдардың күдік тудыратын әрекеттерін бірден полицияға хабарлауды сұрайды. Бұл – өңір қауіпсіздігіне әр азаматтың қосар үлесі.
Фото/видео: ШҚО ПД




