ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындар өтініштері бойынша жұмысты күшейтуді талап етті
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов кеңейтілген аппараттық кеңесте жыл басында қойылған міндеттердің орындалу барысын талқылап, тұрғындар өтініштерімен жұмыс мәселесін басты назарға қойды. Аймақ басшысы халықтан келіп түсетін өтініштер саны артқанымен, кейбір ведомстволардың оларды қарау қарқыны төмен екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Кеңес барысында облыстық басқармалар мен аудан әкімдері аграрлық секторға инвестиция тарту, экономиканың дамуы, тұрғындардан түскен өтініштерді шешу және өзге де бағыттар бойынша есеп берді.
Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен халықтың сұранысына жедел әрі сапалы әрекет етуімен бағаланатынын атап өтіп, тиісті басқармаларға бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жиында өнеркәсіп саласының дамуы да қаралды. Облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға саланың нақты даму индикаторларын қалыптастыруды және жүйелі жұмысты жандандыруды жүктеді.
Туризм бағыты бойынша ұсынылған жоспар да сынға алынды. Әкімнің айтуынша, құжат тым ұзақ әрі баяндама форматында дайындалған.
Кеңес қорытындысында Нұрымбет Сақтағанов барлық басқарма басшыларына жыл соңына дейін міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын, әсіресе тұрғындар өтініштерімен жұмыс қарқынын едәуір арттыруды тапсырды.




