Ауыл медицинасының қызмет сапасы артуда – ШҚО
Ұлан ауданының Привольное ауылында жаңартылған дәрігерлік амбулатория он жылдан соң қайта жаңартылып, күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда мұнда ауыл тұрғындары мен медициналық қызметкерлер үшін барынша қолайлы жағдай жасалды. Нысан 1,2 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің маңызды буыны болып табылады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жалпы аумағы 322,5 шаршы метр амбулатория ғимараты 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Медициналық мекеме бір ауысымда 24 адамды қабылдауға арналған. Мұнда бес қызметкер еңбек етеді, атап айтқанда, жалпы тәжірибедегі дәрігер, орта және кіші медицина қызметкерлері, сондай-ақ жүргізуші бар. Арнайы мамандар әзірге жоқ. Диагностикалық қызмет заманауи құралдармен жүргізіледі – геманализатор мен ураанализатор орнатылған, соңғысы қазір жөндеуден өтуде.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және жергілікті бюджет есебінен нысанға толық жөндеу жүргізілді. Жаз айларында аяқталған жұмыс барысында ғимараттың инженерлік желілері жаңартылып, шатыр, ішкі бөлмелер мен қасбеті түгел қайта жөнделді. Нәтижесінде медициналық қызмет сапасын артты, қызметкерлер қауіпсіз әрі жайлы жағдайда жұмыс істеп отыр.
Амбулатория қызметі цифрлық жүйелермен қамтамасыз етілген. «КМАЖ», «Бірыңғай қолжетімділік нүктесі», «Стационарлық науқастардың электрондық тізілімі» және «Емделушіні жатқызу бюросы» сияқты бағдарламалар енгізіліп, науқастарды қабылдау үдерісі едәуір оңтайландырылды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов амбулатория жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Аймақ басшысы ауылдық медицина саласын дамыту өңірдің басты басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамту және кадр әлеуетін кеңейту жұмыстары жалғасады.
Дамир Омаров
Фото: Данияр Сағидолдин
Видео: Щетников Евгений









