KZ
Өскемен
-25°
пасмурно жел 2 м/с, СШ
517.66 606.49 6.44

Shygys Book Fest: Өскеменде кітап фестивалі өтеді

24.08.2025, 16:00 282 Ержан Әбіш

30 тамыз күні Өскемендегі Арбат алаңында Конституция күні және Қала күні аясында әдебиет пен өнердің, тарих пен заманауи мәдениеттің тоғысқан ерекше мерекесі– Shygys Book Fest-2025 кітап фестивалі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ауқымды мәдени шараны Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының бастамасымен кітапханалар өткізеді. Фестивальге мұражайлар, кітап саудасы ұйымдары, білім беру мекемелері, жергілікті ақын-жазушылар және қала мәдениетінің өкілдері қатысады.
Сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін жалғасатын фестиваль бағдарламасында кітап тұсаукесерлері мен әдеби кездесулер, ақын-жазушылармен сұхбат, облыстық филармония әртістерінің концерттік қойылымдары, кино көрсетілімі және мәдени-танымдық бағдарламалар бар.
Ең бастысы – жерлес ақынымыз, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақытжан Раисованың үш жаңа кітабының тұсаукесері, сондай-ақ «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханұлының еңбектері және «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» кітабының 2-ші басылымы көпшілікке таныстырылады.
Фестиваль аясында түрлі форматтағы көрмелер мен инсталляциялар ұсынылады: ҚР Конституциясының 30 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған экспозициялар, «Бір ел – бір кітап» және «100 кітап» жобалары, жерлес қаламгерлер шығармалары, Брайль қарпіндегі инклюзивті кітаптар, жасанды интеллект арқылы дайындалған балалар суреттерінің көрмесі, тарихи фотосуреттер көрмесі.
Жас оқырмандар үшін «Балалық кеңістігі» локациясында әдеби ойындар, викториналар, байқаулар, квесттер және көптеген тосынсыйлар ұйымдастырылады.
Қатысушыларға түрлі шеберлік-сағаттар да ұсынылады: Брайль қарпінде оқып-басып шығару, жаңа кітап мұқабасын жасау, 3D фигуралар дайындау, канзаши техникасымен бұйымдар жасау.
Қонақтар мерекелік фотоаумақтарда сүйікті кітап кейіпкерлерімен суретке түсе алады. Сонымен қатар «Өзгерген Өскемен» AR фотокөрмесінде толықтырылған шындық технологиясы арқылы қала тарихына жаңа көзқараспен шолу жасауға мүмкіндік бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу