ШҚО-да Ұлттық кітап күніне арналған кітап апталығы басталды
Қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға серпін беретін маңызды күн – Ұлттық кітап күні аясында Шығыс Қазақстан облысы кітапханаларында кітап апталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Апталықтың ашылуы А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында өтті. Мұнда оқырмандар назарына «Кітап – білім бұлағы» атты кең көлемді интерактивті әдеби көрме ұсынылды. Сондай-ақ, қаламыздың жоғары оқу орындары мен колледж студенттері ұлы ағартушы Шоқан Уәлихановтың «Іле өлкесінің географиялық очеркі» еңбегі негізінде өткен әдеби диктантқа қатысып, үздік нәтиже көрсеткендер диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Кітапхананың Халықаралық ресурстар орталығы мен Білім орталығы ұйымдастырған «Кітап алуға асық» атты интеллектуалдық ойын мен ӘдебиQUIZ шарасы жастар мен оқушылардың әдеби білімін шыңдауға бағытталды.
Апталық аясындағы әсерлі кездесулердің бірі – ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасында өткен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанмен жүздесу болды. Оқырмандар «Өмір бәйтерегі» кітабының авторымен ашық сұхбаттасып, әдебиет әлеміндегі ойларымен бөлісті.
Аймақтың басқа да кітапханаларында да белсенділік жоғары. Риддер қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы кітапханада Ашық есік күні ұйымдастырылса, Катонқарағай ауданында «Абай әлемі» топтамасы аясында жергілікті қаламгерлер шығармаларының тұсаукесері өтті. Облыстың аудандық және ауылдық кітапханаларында түрлі тақырыптағы кітап көрмелері оқырман назарына ұсынылуда.
Кітап апталығы аясында алдағы күндері әдеби кештер, танымал қаламгерлермен кездесулер, байқаулар, тікелей эфирлер мен шеберлік сағаттары ұйымдастыру жоспарланған.




