Ұлы Даланың жасыл елшісі: Өскеменге экобелсенді Сапар Жаймурзин келді
Белсенді өмір салтын насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа ұқыпты қарауға үндеу – дәл осындай мақсатпен табиғат жанашыры, экоактивист Сапар Жаймурзин Талдықорған–Өскемен бағытындағы сапарына шыққан болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Байтақ» жасылдар партиясының бастамасымен елімізде тұңғыш рет «Ұлы Даланың Жасыл Елшісі» атты ұлттық экологиялық велоэкспедиция бастау алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды әрі күрделі экосаяхат Қазақстан тарихында алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл бастама белсенді өмір салтын насихаттаумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақыруды көздейді.
Сапар Аманжолұлы – осы идеяларды қоғамға жеткізуді мақсат еткен жан. Ол өмірін экологиялық қозғалысқа арнаған, яғни табиғатты тек сөзбен емес, нақты іспен де қорғайтын азамат. Оның айтуынша, еліміздің көптеген өңірінде экологиялық мәселелер өте өзекті.
«Байтақ» партиясының ШҚО филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Рыспек Қасеновтің айтуынша, «Ұлы Даланың Жасыл Елшісі» велошеруі Алматы қаласынан басталған.
Жасылдар партиясының бұл бастамасы белсенді өмір салтын насихаттаумен ғана шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруды көздейді. Велоэкспедиция аясында әр өңірде жергілікті тұрғындармен, жастармен және экобелсенділермен кездесулер өткізу, экологиялық акциялар мен ағартушылық шаралар ұйымдастыру жоспарланған.
Дмитрий Чжан
Видео: Жәнібек Ырысбай
Фото: Жібек Нұрахмет














