Шығыстың інжу-маржаны – Марқакөл
Алтайдағы мөлдіргене Марқакөл көлі тек көз тартар көркімен ғана емес, ғажайып аңызымен де, терең тарихымен де кез келген жанды баурап алады. Көл туралы қызықты мәліметті Altainews.kz сайтынан оқыңыз.
Қазақстанның шығысындағы Алтай тауларының бөктерінде орналасқан Марқакөл – еліміздегі ең үлкен әрі көркем таулы көлдердің бірі. Теңіз деңгейінен 1449 метр биіктікте жатқан бұл көл өзінің мөлдір әрі көгілдірден қою көкке дейін өзгеретін суымен және сұлулығымен ерекшеленеді. Ұзындығы 38 шақырымды, ені 19 шақырымды құрайтын көлдің тереңдігі 30 метрге жетеді. Марқакөлге 27-ден аса өзен құйып, тек Қалжыр өзені ағып шығады.
Бұл көл тек өз көлемімен ғана емес, биологиялық алуантүрлілігімен де ерекшеленеді. Марқакөлге ғана тән ерекше балық – марқакөл мөңкесі. Сондай-ақ көлдің айналасындағы ну орман, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар мемлекет тарапынан қорғалуда.
Марқакөлдің атауына қатысты халық арасында қызықты аңыздар сақталған. Бұрын бұл өңір жазық дала болған екен. Найман байының сұлу қызы Марқа моңғол жігіті Балжынға ғашық болады. Қыздың ағалары Балжынға шарт қояды: «Қозы піскенше жазықты шауып өтсең, қарындасымыз сенікі» деп. Балжын жүйрік атымен шауып келе жатқанда жер жарылып, су шығып, көл пайда болады. Осылайша бұл көл Марқакөл атанып кеткен екен. Әрине, бұл аңыз ғана және бұндай аңыздардың бірнеше нұсқасы бар.
Сонымен бірге Марқакөл қазақ әдебиетінде де кеңінен суреттелген. Алаш қайраткері, жазушы Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Ақбілек» романында бұл көлдің сұлулығы мен маңызын ерекше тебіреніспен сипаттаған:
«Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүті емес-ау, құт сорғалап, көнек-көнек лақылдайды; қара саба емізіктеп, қою салқын, сары қымыз быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шылпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл қор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды, аузы қобыз гуілдейді, мас болады, жас болады...»
Марқакөл – Шығыстың інжу-маржаны, аңыз бен ақиқаттың, тарих пен табиғаттың бірліктегі мекені. Табиғат сұлулығын сүйетін әрбір жан осы көлге сапар шегіп, оны өз көзімен көруге тиіс.
Жайна Сыранова