ШҚО ТЖД құтқарушылары «Қауіпсіз жағажай» акциясын өткізді
Шығыс Қазақстанда күн ысыған сайын су айдындарына барып демалатын тұрғындардың саны артып келеді. Алайда, өкінішке қарай, көпшілігі суға шомылу үшін арнайы жабдықталмаған, рұқсат етілмеген жағажайларды таңдайды. Бұл – адам өміріне қауіп төндіретін үлкен қатер, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Суға түсу маусымы басталғалы бері өңірде 4 адам суға кетіп, қайғылы жағдайлар тіркелді. Осыған байланысты ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз жағажай» атты түсіндіру акциясын ұйымдастырды. Іс-шара Ұлан ауданындағы Шалқар көлінде өтті.
Құтқарушылар бұл жолы тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін үйретудің ерекше тәсілін таңдады. Олар жағажайда викторина өткізіп, судағы қауіпсіздікке қатысты сұрақтар қойды. Дұрыс жауап бергендерге құтқарғыш ысқырық сыйға тартылды. Мұндай ысқырық суға кетіп бара жатқан адамды ескерту үшін немесе көмек шақыру кезінде таптырмас құрал.
Сондай-ақ, дауыс зорайтқыштың көмегімен демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, арнайы белгіленген аумақтан шықпау және балаларды суда қараусыз қалдырмау туралы ескертулер айтылды. Келушілер құтқарушылардың жұмысына араласып көріп, қауіпті жағдайлардың алдын алу ісіне атсалысты.
Игі бастамаға балалар да, ересектер де белсенді қатысты. Акция шомылу маусымы кезінде жағажайда демалудың қауіпсіз жолдарын насихаттауға, қарапайым ережелерді түсінікті тілмен жеткізуге бағытталды.
ШҚО ТЖД мамандарының айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары судағы жазатайым оқиғаларды азайтуға ықпал етіп, тұрғындарды тек жабдықталған жағажайларды пайдалануға шақыруға көмектеседі.






