KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, СШ
501.02 597.27 6.59

Шомылу маусымы басталды: ШҚО құтқарушылары тұрғындарды судағы қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырды

24.06.2025, 16:50 357 Серік Құсанбаев

Шығыс Қазақстанда суға шомылу маусымы басталғалы қайғылы оқиғалар тіркеле бастады. Осыған байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне арналған брифинг өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Журналистермен кездесуге ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Исхар Савазов, жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Евгений Норкин, азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Ерік Тұрсынғалиев қатысты.

Спикерлер шомылу маусымы басталғалы Өскемен, Риддер қалаларында, Шемонаиха және Күршім аудандарында 4 адамның суға кеткенін, тағы 8 адам құтқарылғанын айтты. Құтқарылғандардың төртеуі – балалар.

– Қайғылы жағдайлардың көбі қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеуден болады. Көпшілігі рұқсат етілмеген жерлерде шомылады. Тіпті, түнгі уақытта немесе ішімдік ішіп алып суға түсетіндер де кездеседі, – дейді Ерік Тұрсынғалиев.

Құтқарушылардың айтуынша, облыс әкімдігінің мақұлдауымен шомылуға ресми рұқсат етілген 25 жағажай белгіленген. Алайда қала маңындағы 17 жағажайды тексеру кезінде заң бұзушылықтар тіркеліп, 29 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Су айдындарындағы қауіпсіздікке байланысты 961 рейд ұйымдастырылып, 65 бейнеролик, 13 тележарнама түсіріліп, бес брифинг өткізілген. Бұған қоса, білім басқармасымен бірлесіп мектеп директорларына, лагерь жетекшілеріне және ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Өңірде Бұқтырма су қоймасындағы Самар ауданында құтқару бекеті ашылды. Бұл – демалушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір шарасы, – деді ТЖД өкілі.

Қауіпсіздік талаптарын бұзғандар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 364, 412 және 582-баптары бойынша жауапкершілікке тартылуда.

Құтқарушылар демалушыларға арнайы жабдықталған, түбі зерттелген жағажайларды таңдауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, құтқару кеудешесін киюге, дауыл мен түн мезгілінде суға түспеуге кеңес береді.

– Қайғылы жағдайлардың бәрі дерлік суы ағысты, терең және рұқсат етілмеген жерлерде шомылудан болады. Сондықтан қауіпсіздікті бәрінен биік қоюымыз керек, – деп қорытындылады брифингке қатысушылар.

Фото: Екатерина Семина

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу