Шығыс Қазақстан тұрғындары «Republic Day» акциясы аясында тиімді сауда жасау мүмкіндігіне ие болды
Республика күніне орай ұйымдастырылған республикалық «Republic Day» сауда акциясы Шығыс Қазақстан тұрғындарына тиімді бағада сауда жасап, қаражаттарын үнемдеу мүмкіндігін ұсынды. Отандық нарықты қолдауға және тауарлардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған бұл бастама ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, елдегі ірі сауда желілері мен супермаркеттерді біріктірді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жалпыхалықтық сатылымға тұрмыстық техника мен электроника нарығының жетекшілерінің бірі – «Sulpak» дүкендер желісі белсенді түрде қатысты. Мереке қарсаңында компания тұрмыстық техника, гаджеттер мен электрониканың кең ассортиментіне 30%-ға дейін жеңілдік ұсынуда. Бұл – үлкен тұрмыстық техникадан бастап смартфондар мен керек-жарақтар заттарды тиімді бағамен сатып алып, үй жабдығын жаңартуға тамаша мүмкіндік.
Мерекелік кезеңде азық-түлік секторы да назардан тыс қалған жоқ. Акцияға «Колос» сауда үйі қосылып, азық-түлік өнімдерінің бірқатар санаттарына 10%-дан 15%-ға дейін арнайы жеңілдіктер жариялады.
«Republic Day» акциясының негізгі бағыты азық-түлік емес тауарларға арналса да, «Колос» дүкенінің бұл бастамасы тұрғындарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіп отыр. Ол мереке күндері бірінші қажеттіліктегі тауарлар мен азық-түлік өнімдерін үнемдеп сатып алуға мүмкіндік береді.
Осылайша, Шығыс Қазақстан облысында өтіп жатқан «Republic Day» сауда акциясы тұрғындарға мерекелік шопингтің кең мүмкіндігін ұсынып отыр: ірі тұрмыстық техниканы тиімді бағамен сатып алып, күнделікті қажетті азық-түліктен де қаражат үнемдеуге болады.







