Жасырын спирт зауыты әшкереленді
stock.adobe.com
Қаржы мониторингі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан қылмыстық топты анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тергеу деректеріне қарағанда, топты Махмадов Сұлтан басқарған. Ол міндетті лицензиясыз этил спиртін өндіріп, сақтап, тасымалдап әрі сатумен айналысқан. Айта кетейік, Махмадов 2010 жылы да осындай қылмыс үшін сотталған.
Күдіктілер өз әрекеттерін «биоэтанол» мен «мал азығына арналған қоспа» өндірісі ретінде көрсеткен. Алайда іс жүзінде серіктестік аумағында толық жабдықталған жасырын спирт зауыты жұмыс істеген.
Заңсыз өнім Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарындағы, сондай-ақ Шымкенттегі жасырын цехтарға жеткізіліп отырған. Бұл цехтарда спирттен тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін суррогат алкоголь дайындалған.
Жедел шаралардың нәтижесінде құны 280 млн теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті тәркіленді. Сонымен қатар, өндірістік база аумағынан 18 майнинг құрылғысы табылды. Тергеу барысында 7 автокөлікке тыйым салынды.
Ұйымдастырушы 2 айға қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес басқа деректер жария етілмейді.