KZ
Өскемен
-16°
облачно с прояснениями жел 0,4 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

ШҚО әкімі: Алтай ауданының ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм бағытындағы әлеуеті зор

11.12.2025, 11:45 173 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жетілдіру және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Әкім ауданның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларында даму әлеуеті жоғары екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапары барысында Алтай ауданының халқымен кездесті. Жиында өлкенің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың барысы мен өзге де өзекті әлеуметтік мәселелер талқыланды.

– Мемлекет басшысы алға қойған 2029 жылға қарай экономикалық өсім қарқынын екі есе арттыру міндетін орындау үшін біз экономиканы әртараптандыру бағытында облыс экономикасының жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіптің үлесі 40% құрайтынын және әлемдік нарықтың ықпалын ескере отырып жұмыс істеп жатырмыз. Өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша өңірлік жобалық офис құрылды, барлық қала мен аудан үшін бес жылдық экономикалық өсім нүктелерінің жоспарлары және ауылдық округтерге арналған «Жол карталары» бекітілді. Әрбір қала және аудан әкімдерімен 2025 жылға арналған KPI көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша меморандумдар жасалды. Бұл құжаттарда өңірді дамытуға бағытталған нақты жобалар мен іс-шаралар қамтылған, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысы атап өткендей, Алтай ауданы агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп және туризм салаларын дамытуға айтарлықтай әлеуетке ие.

Өткен жылы жеке инвестициялар есебінен Алтай қаласында демалыс орталығы салынды, Полянское ауылында 1075 басқа арналған жаңа сүт-тауарлы фермасы іске қосылды, Чиркаин ауылындағы ферма 600 басқа дейін кеңейтілді, ал Северное ауылында «Алтай аңыздары» атты ат клубы жұмысын бастады.

Биыл Серебрянск қаласында жылына 400 мың шабақ шығаруға мүмкіндік беретін форель шабағын өсіру цехы ашылды. Ермаковка ауылында да балық шаруашылығы кеңейтілуде, Алтай қаласында техногендік шикізатты қайта өңдеп, алтын мен күміс алуға арналған фабрика, сондай-ақ қысқы спорт түрлеріне арналған кешеннің құрылысы жалғасуда.

Туризм саласында да оң өзгерістер бар. Биыл Малеевск ауылында демалыс базасының құрылысы аяқталды, Снегирево ауылында апитерапия қызметтері ұсынылатын қонақ үйлер ашылды. Жаңа Бұқтырма кентінде «Мелада» демалыс базасын жаңғырту, Бұқтарма стансасында «Пристань» жол бойы туристік кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, туризмді дамыту және елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында Жаңа Бұқтырма кентін абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Алтай ауданын дамытудың 2029 жылға дейінгі жоспарына сәйкес, 21,5 млрд теңге бюджет қаражатын және 121,8 млрд теңге жеке инвестиция тарту жоспарланған.

Кездесу қорытындысында облыс әкімі Алтай ауданының әкіміне ауданның даму жоспарына енгізілген іс-шараларды сапалы және уақытылы орындауды тапсырды.

Бұған қоса, өңір басшысы АӨК саласындағы инвестициялық жобалардың орындалуын қадағалау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге қатысты жаңа жобалар бойынша ұсыныстар әзірлеу, негізгі капиталға инвестиция тарту жұмыстарын арттыру, жаңа өндірістер ашу және қолданыстағыларды кеңейту, сондай-ақ аудандағы туристік нысандарға толық түгендеу жүргізу жөнінде тапсырмалар берді.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі «Никольск-1» ЖШС-іне барып, кәсіпорынның қызметімен және даму жоспарларымен танысты, сондай-ақ Алтай қаласындағы Лермонтов көшесінде орналасқан көпқабатты үйде болып, тұрғын үй қорының жай-күйіне қатысты көтерілген мәселелерді тыңдады. Бұдан бөлек, әкім Алтайдағы хоккей модуліне барып, жас спортшылармен естелікке суретке түсті.

Сапар қорытындысында облыс әкімі анықталған мәселелерді шешуге және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.


Айым Касембаева

Фото: Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу