KZ
Өскемен
-5°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

«Сақалды құрылыс» аяқталады: Үлкен Нарында жаңа бассейн жақын арада есігін ашады

12.12.2025, 12:30 139 Айна Бакимбаева

Үлкен Нарын ауданына жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов көп жылдан бері жұрт күткен нысан — дене шынықтыру-сауықтыру кешені жанындағы бассейн құрылысымен танысты. Талай уақыт тоқтап, ел арасында «сақалды құрылыс» аталып кеткен бұл жоба бүгінде қайта жанданып, мәреге қарай бет алған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

2015 жылдан бері ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп келе жатқан дене шынықтыру-сауықтыру орталығы – Үлкен Нарындағы маңызды нысанның бірі. Мұнда күніне елуге жуық адам тегін жаттығады. 630 шаршы метрлік жарық әрі кең ойын залы, спорт залы, заманауи қондырғылар – бәрі ауыл жастарына серпін беріп, тұрғындарға белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік жасап отыр.

Ал орталық жанындағы бассейннің құрылысы 2021 жылы басталған еді. Тапсырыс беруші – облыстың құрылыс басқармасы, ал мердігер ретінде өңірге белгілі “QazConstructions” ЖШС таңдалды. Алайда компанияның жауапсыздығы кесірінен Шығыс Қазақстандағы бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы баяулап, мерзімдер шегерілген болатын. Құны 695,2 млн теңге болатын жоба аясында ауданы 1277,8 шаршы метрді құрайтын, бір уақытта 40 адам қабылдай алатын заманауи бассейн салу жоспарланған.

Бірақ екі жыл ішінде қаржының бар-жоғы 132,2 млн теңгесі, яғни, жалпы соманың шамамен 19 пайызы ғана игерілген. Іргетас толық құйылып, металл қаңқаның 85 пайызы тұрғызылғанымен, құрылыс-монтаж жұмыстарының үштен бірі ғана орындалған. Соның салдарынан ауыл тұрғындарының үміті созылып, нысанның болашағы бұлдырап қалған еді.

Биыл бұл құрылысқа қайта жан бітті. Нысан өңір басшысының жеке бақылауына алынып, жұмыс қарқыны айтарлықтай күшейді. Облыс әкімі ұзаққа созылған құрылыстың жуық арада аяқталуы тиіс екенін қадап айтты. Өйткені бассейні бар толыққанды спорт кешені – бүкіл аудан үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы.

– Адамдар бұл нысанды көптен күтіп жүр. Ауылдың мықты спорттық базасы бар, бірақ бассейнсіз ол толық ашыла алмады. Біздің міндетіміз – құрылысты аяқтау және тұрғындарға спортпен шұғылдануға лайықты жағдай жасау, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Бассейн іске қосылғанда, Үлкен Нарынның спорт инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі. Дене шынықтыру-сауықтыру орталығының әлеуеті еселеп артып, ауыл жастары мен тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бала да, жас та, үлкен де асыға күтіп отырған бассейн – елдің өміріне серпін беретін маңызды әлеуметтік нысанға айналмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу