Шығыс Қазақстанда жаңа май экстракциялық зауыты ашылды
Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Өскеменде «ALTAI MAI» компаниясының толық циклді заманауи май экстракциялық зауыты ресми түрде ашылды. Облыс орталығындағы ірі кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілдері, инвесторлар мен серіктес кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ұлттық мереке қарсаңында Өскеменде осындай ірі өнеркәсіптік нысанның ашылуы өңірдің дамуына, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын нығайтуға қосқан зор үлес екені айқын. «ALTAI MAI» жаңа май экстракциялық зауытының ашылуы – Қазақстанның май өнеркәсібі үшін жаңа белес.
Май өндірісінің қырық пайызы Шығысқа тиесілі
Облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы өзінің құттықтау сөзінде облыстағы өңдеу саласының дамуында жаңа белестің басталғанын, зауыттың іске қосылуы аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтудың маңызды қадамы болып отырғанын атады.
2021 жылы басталған жобаның жүзеге асырылуы агроөңдеу саласын терең дамытудағы негізгі бағыттардың біріне айналды.
Экспорт – басым бағыт
Зауыт басшылығының айтуынша, экспорттық бағыттарды кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Өнім халықаралық талаптарға сәйкес екенін дәлелдеп үлгерген. Қытай Халық Республикасына жеткізілімдер бойынша келісімшарттар жасалған. Экспорт географиясының кеңеюі Шығыс Қазақстанның әлемдік май-тоң май нарығында сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайта түспек.
Мерекелік жиында құттықтау сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов жаңа зауыт ең бірінші кезекте тұрақты жаңа жұмыс орындарының нақты кепілі екендігіне тоқталды.
Ал кәсіпкер Владимир Котельников облыс экономикасына ауқымды инвестиция әкеліп жатқан осындай ірі жобаларды әрқашан қолдау керектігін жеткізді.
Келесі ретте Аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасының орынбасары Тимур Аяпбергенов зауыттың стратегиялық маңызды қадамдардың бірі ретінде кәсіпорын экспорттық әлеуетін арттыра түсуіне, еліміздің атын әлемге таныта беруіне тілектестік білдірді.
Салтанатты жиында қорытынды сөз алған «ALTAI MAI» ЖШС бас құрылтайшысы Думан Зекенов қолға алған ауқымды жобаны іске асыруға қолдау білдірген, үлкен сенім артқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкіметке, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановқа, серіктестеріне, кәсіпорынды құрған инженерлерге, барлық мемлекеттік құзырлы мекемелерге ұжым атынан шынайы алғысын жеткізді.
Жылына 169 мың тоннаға дейін майлы дақылдар өңдейді
Толық циклі бар заманауи көпсалалы май экстракциялау зауыты жылына 169 мың тоннаға дейін көлемде майлы дақылдарды өңдеуге қауқарлы.
Жоба шеңберінде ішкі нарыққа жеткізілетін тазартылған, иістендірілген, ыдыстарға құйылатын күнбағыс майын толық циклде өндіру көзделген. Бұл өз кезегінде елімізді рафинадталған күнбағыс майымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қосымша ақпар ретінде қосар болсақ, «ALTAI MAI» ЖШС мен «Ертіс» ӘКК» АҚ арасындағы бірлескен қызмет туралы шарт аясында май экстракциялау зауытының құрылысы жүзеге асырылды. Қаржыландыру «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінген бюджет қаражаттары, жеке инвестор – «ALTAI MAI» ЖШС-нің қаражаты, сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаражаты есебінен қамтамасыз етілген. Жобаның жалпы құны – 26,446 млрд теңгені құраса, оның жартысына жуық қаражатын зауыт құрылтайшысы «Altai mai» салып отыр.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Жабдықтарды калибрлеу, жүйелердің жобалық және нормативтік талаптарға сәйкестігін тексеру сияқты іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілді. Өңделмеген май өндіру жүйесі де іске қосылған.
Отандық өндіріс көлемі ұлғаяды
Кәсіпорынның басты мақсаттарының бірі – ішкі нарықты сапалы күнбағыс майымен қамтамасыз ету үшін отандық өндіріс көлемін ұлғайту.
Құтыға құйылған дайын майды жеткізу географиясының біртіндеп кеңеюі өнім сапасының халықаралық талаптарға толық сәйкес екенін дәлелдейді. Шетел нарықтарына экспорт бағыттары да қарқынды дамып келеді.
Оның айтуынша, толық циклді қазіргі заманғы өндіріс – өсімдік майларын қабылдау, кептіру, экстракциялау, тазарту және буып-түю, сондай-ақ шикізат пен дайын өнімді сақтау үшін жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған кешен. Өндірістік қуаттар және сапа стандарттарына келсек, жобалық қуаты тәулігіне 500 тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдеуге мүмкіндік береді. Шикізаттың әрбір партиясы өнімнің табиғи құндылығын сақтауды және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ететін көп сатылы сапа бақылауынан өтеді.
Жүз пайыз қалдықсыз әрі таза технология
Кәсіпорында қоршаған ортаға барынша аз әсер етуді қамтамасыз ететін тиімді тазарту жүйелері мен қауіпсіз қайта өңдеу технологияларын қоса алғанда, қазіргі заманғы экологиялық шешімдер енгізілген.
Ресми ашылудан соң облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған мәртебелі меймандар ірі кәсіпорынның өндіріс цехтарын, бумен жылытылатын қазандығын, дайын өнім сақталған қоймаларын аралап көріп, оң бағасын берді, жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай











