Электрлі самокат жүргізушілеріне қатысты жаңа жауапкершілік түрлері енгізілді
gov.kz
Қазақстанда электрлі самокат қолданушыларға қойылатын талаптар күшейтілді. Мәжіліс электрсамокат жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауына бағытталған заң жобасын мақұлдады. Жаңа норма қабылданғаннан кейін электрлі самокат мінгендер де автокөлік жүргізушілері сияқты әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа заң не өзгертеді?
Электрлі самокаттардың көлік құралы ретінде нақты мәртебесі белгіленіп, оларды басқарушыларға арнайы міндеттер мен шектеулер енгізілді. Бұл түзетулер жолдағы қауіпсіздікті арттыру, әсіресе ірі қалаларда жиілеп кеткен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қабылданды.
Жауапкершілік түрлері төмендегідей:
1. Жол ережесін бұзғаны үшін:
Ережені алғаш рет бұзса — 4 325 теңге;
Бір жыл ішінде қайталанса — 43 250 теңге;
Жол-көлік оқиғасына себепкер болып, адамға жеңіл жарақат келтірсе — 43 250 теңге айыппұл салынады.
Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың сипатына қарай:
12 сағаттық қоғамдық жұмыс, немесе
3 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
2. Кикшеринг компаниялары да жауапқа тартылады
Электрлі самокаттарды жалға беретін сервис иелеріне де жаңа міндеттемелер жүктеледі. Егер компания қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін адамға самокат берсе, немесе бұл жағдай жол апатына әкелсе, оларға қатысты да әкімшілік санкциялар қолданылады.
Басқару құқығы жоқ адамға самокат бергені үшін — 108 125 теңге айыппұл;
Ондай адам қатысқан ЖКО-да — 173 000 теңге айыппұл.
Соңғы жылдары электросамокаттардың саны айтарлықтай артты. Қозғалыс қатысушылары арасында жанжалдар жиілеп, жаяу жүргіншілердің жарақаттануы мен жол апаттарының саны өсті. Сарапшылардың айтуынша, жаңа талаптар қауіпсіздікті арттыруға, ал әкімшілік жауапкершілік — тәртіпті күшейтуге мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, заңның қабылдануы:
Жолдағы тәртіпті нығайтады;
Самокат жүргізушілерінің жауапкершілігін арттырады;
Кикшеринг сервистерінің жұмысын реттейді;
Жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздікті күшейтеді.
Жаңа нормалар күшіне енгеннен кейін электрлі самокат пайдаланушылар да толыққанды жол қозғалысына қатысушы ретінде бағаланып, заң талаптарын сақтауға міндетті болады.