KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 4 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Мемлекет басшысы Ашхабадтағы халықаралық форумға қатысты

Кеше, 15:30 120 Базарова Айгүл

Мемлекет басшысы Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына, Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумға қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Президент Сердар Бердімұхамедовті Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады. Мемлекет басшысы Түрікменстанның саяси ұстанымы тұтас Еуразия құрлығының тұрақтылығы мен орнықты дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жаса.

Аталған форумда көтерілген бастамалар ХХІ ғасырдағы бейтараптықтың мән-маңызына жаңаша көзқарас қалыптастырады. Қазақстан Президенті Түрікменстанның бейтарап саяси ұстанымы түрікмен халқының сан ғасырлық мәдени дәстүрімен және рухани құндылықтарымен үйлесетінін айтты.

– Түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаушы, Шығыстың көрнекті ойшылы Мақтымқұлы Пырағы: «Тыныштық болса ел өседі, әділдік болса сенім күшейеді» деген. Ұлы данышпанның дүниені терең таныған идеялары қазіргідей алмағайып халықаралық жағдайда да өте өзекті бола түскені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент БҰҰ-ны реформалаудың маңызына назар аударды. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ашхабадтың Халықаралық бейбітшілік және сенім жылын жариялау туралы бастамасы ерекше мәнге ие болғанын жеткізді. Президент еліміз осы маңызды қарарды қуаттағанын айта келіп, бейбітшілік пен келісім Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясының іргетасы саналатынына назар аударды.

– Жекелеген кикілжіңдердің реттелгеніне қарамастан, әлемдегі жалпы ахуал әлі де ушығып тұр. Адамзат өзара сенім, толеранттылық, орнықты даму үшін бейбітшілік пен ынтымақтың маңызын түсіну секілді іргелі факторларға зәру. Сонымен қатар кейбір күмәнді ережелер алға шығып, халықаралық құқықтың әлсірей бастағаны, көпжақты құрылымдардың, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігінің төмендегені өкініш тудырады. Стратегиялық теңгерімді қалпына келтірмей, әлемде әділ тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде қалып, көпжақты форумдардың қарарлары мен келіссөздердегі ізгі тілек ретінде ғана көрініс табады. Сол себепті Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды. Бас Ассамблеяның 80-ші сессиясы аясында мен БҰҰ жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін пікірлестер тобын құру идеясын көтердім, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді.

Президент БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ауқымды диалогты бастауы, ірі державалардың саяси ерік-жігер көрсетуі өте маңызды деп санайды. Мемлекет басшысы еліміз Түрікменстан Президентінің БҰҰ бейбітшілік және бейтараптық университетін ашу жөніндегі бүгінгі ұсынысын қолдайтынын айтты.

– Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыстан бас тартып, бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құндылықтарды басшылыққа алған кезде әлемде әділетті және орнықты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты, – деді Президент.

Президент Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отырғандығын айтты. Мемлекет басшысы өзге өңірлердегі қақтығысты реттеуге қатысты пікір білдірді.

– Таяу Шығыстағы жағдай бойынша келісімге қол қойылуын құптаймыз. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отыр. Әйтсе де Қазақстан ұзаққа созылған әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Әзербайжан мен Армения бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Біз мұны тарихи шешім деп санаймыз. Өйткені осы арқылы аталған аймақта және одан тысқары жерлерде сан қырлы ынтымақтастыққа кеңінен жол ашылады. Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа кепілдік беретін толық форматты бейбіт келісімшарт таяу арада жасалады деп үміттенеміз, – деді ол.

Қазақстан Президенті Ауғанстанға көмек көрсетуді жалғастыру қажет деп есептейді.

– Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы осы бағыттағы ынтымақтастықты үйлестіретін маңызды платформаға айналды. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда Азиядағы өзара іс-қимыл сенім шаралары жөніндегі кеңес маңызды рөл атқарады. Бұл форум өзінің саяси тұрғыдан өзектілігін дәлелдеді. Осыған орай АӨСШК қызметіне, соның ішінде форумды толыққанды халықаралық институтқа айналдыруға қолдау көрсеткені үшін серіктестерімізге алғыс айтамыз, – деді Мемлекет басшысы.

«Бұл шын мәнінде қантөгісті тоқтатуға, бітімге келу жолын іздеуге үндеу» – Президент VIIІ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі аясында көтерілген «Бейбітшілік қозғалысы» бастамасының маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз дінаралық, этносаралық және және мәдениетаралық диалогты нығайтуға айрықша назар аударады. Бұл орайда Президент Қазақстанда 20 жылдан астам уақыттан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ұйымдастырылып келе жатқанын еске салды.

– Таяуда Астанада өткен VIIІ Съезде Қазақстан «Бейбітшілік қозғалысы» деп аталатын бастама көтерді. Бұл шын мәнінде қантөгісті тоқтатуға, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілікті сезіне отырып, бітімге келу жолын іздеуге үндеу еді. Қазақстан ШЫҰ жұмысына белсене атсалысады. Бұл – Еуразиядағы қауіпсіздік пен сенім шараларын қамтитын, көпжоспарлы әрі конструктивті күн тәртібі бар беделді және табысты ұйым. Жаһандағы прогресс пен тұрақтылықтың негізгі кепілі – орнықты әлеуметтік-экономикалық даму. Геосаяси шиеленістің өршуі, халықаралық санкциялардың көбеюі, сауда тізбегінің бұзылуы, технологиялық бәсеке секілді көптеген фактордың салдарынан әлем экономикасы күрделі сын-қатерлерге тап болды. Жаһандық экономиканың қарқыны бәсеңдеді. Қуанышымызға орай, мұның әсері Орталық Азияға тие қойған жоқ. Барлық елде айтарлықтай өсім байқалады. Мысалы, Қазақстанның экономикалық өсімі биыл 6 пайыздан асты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесін еңсереді. Бұл жан басына шаққанда 15 мың доллардан артық, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері көлік-транзит әлеуетін күшейтіп жатқанына тоқталды. Ең алдымен, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы байланысты нығайтуға баса мән беріледі. Президент Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мүмкіндіктерін дәйекті түрде кеңейтіп, теміржол, порт, автожол инфрақұрылымын жаңғыртып жатқанын, осылайша біртұтас транспорт жүйесін қалыптастыруға кіріскенін жеткізді.

Мемлекет басшысы еліміз Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеуге белсенді атсалысып жатқанына назар аударды. Мақсат – орнықты логистика бағыттарын толық іске қосу.

Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық суды пайдалану, Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық проблемаларға назар аударды. Президент су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беру қажет деп санайды.

– Су тапшылығы үлкен проблемаға айналып келеді. Бұл ресурсты сақтау әрі ұқыпты пайдалану – еліміз бен аймақтағы өзге де мемлекеттер үшін стратегиялық, тіпті өмірлік маңызы бар басымдық. Өзге елдерде де солай деп ойлаймын. Трансшекаралық суды пайдалану проблемасын, Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық ахуалды уақыт оздырмай шешу мақсатында тиісті шаралар қабылдау қажет. Біздің пікірімізше, өзара мәмілеге негізделген бірлескен әрекеттер арқылы Халықаралық Аралды құтқару қорының тиімділігін арттыруға болады. Ресей Қор жұмысына байқаушы ретінде атсалысса, бұл іске септігін тигізер еді. Каспий теңізі қазіргідей тартыла берсе, бұл қауіпті құбылыстың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақстан Каспий экожүйесінің бұзылуы мен теңіздің тартылуының алдын алуға бағытталған арнайы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Барша әлемдік қоғамдастықты осы бірегей су айдынын сақтап қалу жолындағы күш-жігерімізді қолдауға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Қазақстан Президентінің пайымдауынша, жаһандық су дипломатиясын дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың маңызы зор.

– БҰҰ жүйесінде тек су мәселесімен айналысатын арнаулы құрылым жоқ. Бұл түйткілді тез арада шешкен жөн. Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Аймақтық экологиялық саммит өтеді. Аталған жиында Қазақстан жаһандық су ұйымын құру туралы халықаралық консультация процесін бастауға ниетті. Ортақ саяси ерік-жігердің арқасында күн тәртібіндегі судың өзекті мәселелері жүйелі түрде шешіле бастайтынына сенімім кәміл, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, Ашхабад форумы мүдделі мемлекеттердің жасампаз серіктестігін нығайтуға және әлемде әділетті тәртіп қалыптастыруды көздейтін халықаралық күш-жігерге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Жиында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Ресей Президенті Владимир Путин, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Ирак Президенті Абдул Латиф Рашид, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Сан-Томе және Принсипи Президенті Карлуш Мануэл Вила-Нова, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Мьянма Премьер-министрі Ньо Со, Эсватини Премьер-министрі Рассел Дламини сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау үшін стратегиялық теңгерімді қалпына келтірудің, әділ әлемдік тәртіп орнатудың маңызды екенін айтып, Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалға назар аударып, Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Аталған бастама бойынша халықаралық консультация процесін 2026 жылы сәуір айында Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммит аясында бастау жоспарланып отыр.

– Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мүмкіндіктерін тиісті деңгейде кеңейтіп, теміржол, порт, автожол инфрақұрылымын жаңғыртып жатыр. Осылайша, біртұтас транспорт жүйесін қалыптастыруға кірісті. Еліміз Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеуге белсенді атсалысуда. Мақсатымыз – орнықты логистика бағыттарын толық іске қосу. Ресей, Қытай, Иран, Түркия, Әзербайжан, Армения, Грузия және басқа да мүдделі мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, бірлескен күш-жігер арқылы тұтас Еуразия кеңістігінде баршамызға тиімді заманауи көлік-логистика жүйесін қалыптастыра аламыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Ашхабадтағы халықаралық форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездесті. Президент Грузия Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы сенімді серіктесі болып қала беретінін айтты. Сондай-ақ қос халық арасындағы берік достыққа, тарихи тамырластыққа негізделген ұзақ жылғы ынтымақтастықты оң бағалайтынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе саяси диалог, экономикалық және гуманитарлық байланыстар дәйекті түрде дамып келе жатқанын растады. Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең көлемді мәселелері қарастырылды. Осы орайда Мемлекет басшысы Грузиямен көлік-логистика, сауда-экономика салаларындағы қарым-қатынасты арттырудың әлеуеті зор екеніне тоқталды.

Фото: Ақорда
















Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу