KZ
Өскемен
снегопад жел 3 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Шығыс Қазақстан және Омбы облыстары сыртқы экономикалық байланыстарды нығайтуда

Кеше, 20:00 83 Базарова Айгүл

Омбы қаласында «Ертіс: достық өзені – даму өзені» атты халықаралық форумның пленарлық отырысы өтті. Оған Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан келген делегациялар қатысты. Форум барысында қатысушылар өзара тиімді әрі келешегі зор ынтымақтастық өңірлер арасында нақты нәтижеге бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға тың мүмкіндіктер ашатынын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сібірдің ірі көлік, өнеркәсіп және мәдени орталығы саналатын Омбы қаласы авиация өнеркәсібінен бастап сауда-экономикалық қазақ байланыстарға, көлік-логистикалық кешенді дамытуға дейінгі бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар бүгінде зор әлеуетке ие. Бұл салалардың барлығы шекаралас өңірлер үшін стратегиялық тұрғыда аса маңызды.

Омбы облысы – Қазақстанға тарихи тұрғыдан ең жақын ресейлік өңірлердің бірі. Мұнда Ресей Федерациясындағы саны жағынан үшінші орындағы қазақ диаспорасы тұрады. 

Ал екі ғасырға жуық уақыт бойы Сібір мен Орталық Азия аумақтарын байланыстырып келе жатқан басты көлік-логистикалық артерия ретінде мұнай, көмір, металл секілді жүктердің тасымалдануын және сауданың дамуын қамтамасыз етіп келе жатқан Ертіс өзенінің стратегиялық маңызын ерекше атап өткен жөн.

– Өңір басшысы Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың атынан қонақжайлық пен жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара үшін алғысымды білдіремін. 2025 жыл өңір үшін ресейлік әріптестермен өзара іс-қимыл тұрғысынан мазмұнды болды. Әсіресе, бізді біріктіретін, Қазақстан мен Ресей халықтарының тарихи байланысын сақтайтын Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға ерекше мән берілді. Соның ішінде Шығыс Қазақстанда қабылданған «Ғасырлар бойы» халықаралық гастрольдік турын атап өтуге болады. Бұл – гуманитарлық байланыстарды нығайтып, мәдени қарым-қатынасты кеңейтудің жарқын үлгісі, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.

Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық бағдарламаның маңызды бөлігі – 23 сәуірде ТМД-ға мүше мемлекеттердің Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің Үйлестіру қызметі ұйымдастырған «Жеңіс эстафетасы» болды. Сыртқы шекаралар бойымен өткен бұл шара аясында «Уба» шекара бекетінде эстафета туын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтіп, ол елдер арасындағы жауынгерлік бауырластық пен бірліктің символына айналды.

Гуманитарлық өзара іс-қимылдың жалғасы ретінде 19 қыркүйекте Өскемен қаласында Қазақстан Республикасындағы ресейлік отандастар ұйымдарының Үйлестіру кеңесінің конференциясы өтті. Бұл басқосу ресейлік қоғамдық бірлестіктермен байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуды кеңейтіп, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын айқындады.

Аталған іс-шаралардың барлығы жастардың, еріктілер мен студенттердің белсенді қатысуымен өтті. Бұл жас буынның мәдени мұраны сақтау мен мәдениетаралық диалогты дамытудағы рөлінің маңыздылығын айқын көрсетеді.

– Биыл тамыз айында Шығыс Қазақстан облысында өткен ШЫҰ елдерінің жас көшбасшылары мен дарынды жастарының форумы – жастарды біріктірген айтулы оқиға болды. Форум ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жастарына идея алмасып, ынтымақтастық, мәдениет және гуманитарлық байланыстардың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. Бұл Қазақстан белсенді қолдап отырған ШЫҰ аясындағы серіктестікті нығайту мен жастар саясатын іске асырудың жарқын көрінісі, – деп атап өтті делегация жетекшісі Бақытжан Байахметов.

Өңірдің мәдени бағдарламасында этномәдени өзара ықпалдастық та айрықша орын алады. Соның жарқын мысалы – Шығыс Қазақстанда жыл сайын өтетін «Беловодье» халықаралық фестивалі. Ол дәстүрлерді сақтауға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және шекаралас өңірлер тұрғындары арасындағы достық байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, шығысқазақстандық өкілдер «Бирюзовая Катуньдегі Ресей күні» бүкілресейлік фестиваліне, Отандастардың дүниежүзілік тақырыптық конференциясына, «Дүниежүзілік жастар фестивалінің мұрасы» саммитіне қатысты.

Ғылыми және білім беру байланыстарын кеңейту де маңызды бағыттардың бірі болды. Бұл үдеріске халықаралық этнодемографиялық конференция елеулі үлес қосты. Конференция демография, көші-қон және этномәдени үдерістерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналып, Қазақстан, Алтай өлкесі мен Сібірдің ғылыми орталықтарынан келген ғалымдарға бірлескен жобаларды кеңейтуге, жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті нығайтуға және академиялық алмасудың жаңа бағдарламаларын бастауға жол ашты.

«Ертіс: достық өзені – даму өзені» форумына қатысушылар мұндай кездесулер мәдени, гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастырып, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстарды нығайтатынын бір ауыздан атап өтті. Бұл өзара сенімді арттырып, ықпалдастық көкжиегін кеңейтіп, жаңа бірлескен бастамаларға жол ашады.

Форум аясында Омбы облысы Үкіметі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық, мәдени және өзге де салаларда халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарды жүзеге асыру туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2025–2028 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Бұл құжат өңірлер арасындағы әріптестікті тереңдетуге, кооперацияны кеңейтуге, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және тату көршілік қатынастарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Форумнан кейін ШҚО делегациясы Қазақстан Президентінің әкесі Кемел Тоқаевқа арналған мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Тақта соғыс ардагерлеріне арналған госпиталь ғимаратының қасбетіне орнатылған. Дәл осы жерде Кемел Тоқаев ауыр жарақаттан кейін ем қабылдаған. Мемориалдық тақтаны орнату бастамасын Орыс-қазақ достығы орталығы мен Омбы қалалық ардагерлер ұйымы көтерген.

Сондай-ақ, делегация мүшелері Омбы қаласының орталық көшелерінің бірінде орналасқан, тарихи білім беру мекемелеріне жақын маңда орнатылған Шоқан Уәлиханов ескерткішіне де гүл қойды. Шоқан Уәлихановтың есімі Омбы қаласының тарихымен және Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-мәдени байланыстармен тығыз байланысты. Ұлы қазақ ағартушысы, ғалым, саяхатшы және этнограф Омбыдағы кадет корпусында білім алып, Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы, мәдениеті мен тұрмысын зерттеулерімен танылды. Оның ғылыми мұрасы екі ел арасындағы мәдени байланыстардың маңызды бөлігі болып саналады.

Одан әрі делегация Омбы азаматтық авиация зауытына барды. Бұл – Ресейдегі авиация өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындарының бірі. Зауыт Ан-24, Ан-26, Як-40 ұшақтары мен Ми-8 тікұшақтарына техникалық қызмет көрсету, жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Кездесу барысында авиажөндеу саласындағы кооперация мен кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.

ШҚО делегациясының соңғы кездесуі Омбы кадет әскери корпусында өтті. Әскери-патриоттық бағыттағы бұл білім ордасында тәрбиеленушілер жалпы білім беру бағдарламасымен қатар физикалық, саптық, атыс және әскери-қолданбалы даярлықтан өтеді. Корпус басшылығымен гуманитарлық және білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу