Заң мен тәртіп – таңдауға айналған жол: Шығыста ерекше гайд-тур ұйымдастырылды
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы «Заң мен Тәртіп» идеологиясы аясында есепте тұрған азаматтар үшін «Түзелу жолы» атты тәрбиелік әрі алдын алу сипатындағы гайд-тур ұйымдастырды. Бұл бастама құқықбұзушылықтың салдарын сөзбен емес, нақты өмірлік мысал арқылы көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz. тілшісі.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №17 мекеме базасында өтті. Пробациялық және профилактикалық есепте тұрған азаматтар темір тордың ар жағындағы күнделікті өмірмен өз көздерімен танысып, бас бостандығынан айырылған адамдардың қандай жағдайда өмір сүретінін көрді.
Гайд-турдың басты мақсаты – есептегі азаматтардың заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың өмірлік ұстанымын қайта қарауға ықпал ету. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы кездесулер адам санасына әлдеқайда әсерлі, өйткені қатысушылар заң бұзудың салдарын қағаз жүзінде емес, нақты шындық арқылы сезінеді.
Тур барысында қатысушылар мекеменің ішкі тәртібімен, камералардағы жағдаймен, күн тәртібімен және жазасын өтеушілерге қойылатын талаптармен танысты. Темір тордың ар жағындағы қатаң тәртіп, шектеулі кеңістік пен еркіндіктің жоқтығы көпшілігіне ерекше әсер қалдырды. Бұл олардың қателіктің бағасы қаншалықты ауыр екенін түсінуіне мүмкіндік берді.
Іс-шара кезінде прокурорлар құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне айрықша тоқталды. Олар заңды қайта бұзудың соңы міндетті түрде оқшаулауға, яғни бас бостандығынан айыруға әкелетінін түсіндіріп, жазаның бұлтартпастығына назар аударды. Сондай-ақ заңсыз әрекеттердің болашаққа, отбасыға, мансапқа және жеке мақсаттарға төндіретін қауіптері нақты мысалдар арқылы айтылды.
Гайд-тур аясында қатысушылармен ашық әңгіме жүргізіліп, әр азаматтың өмірінде дұрыс таңдау жасауына, заңды жолмен өмір сүрудің маңызын түсінуіне басымдық берілді. Прокуратура өкілдері оң өмірлік құндылықтарды қалыптастыру, еңбек етуге ұмтылу, қоғамға пайдалы болу және заңға құрметпен қарау – қайта қателікке жол бермеудің басты кепілі екенін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Түзелу жолы» жобасы – жай ғана экскурсия емес, адамның санасына әсер ететін, ойлануға мәжбүрлейтін маңызды профилактикалық құрал. Мұндай тәжірибе есепте тұрған азаматтарға өз өмірін қайта бағамдап, дұрыс бағыт таңдауға нақты серпін береді.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы алдағы уақытта да құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған осындай практикалық форматтағы іс-шараларды жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл – заң мен тәртіп қағидаттарын қоғамда нығайтудың, азаматтардың жауапкершілігін арттырудың тиімді жолы.


