KZ
Өскемен
-13°
пасмурно жел 3 м/с, В
513.55 602.09 6.42

Өскеменде Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесу өтті

13.12.2025, 10:00 408 Айна Бакимбаева

Өскемен қаласында «Байтақ» жасылдар партиясы Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік – Мәңгілік Елдің тұғыры» атты іс-шара ұйымдастырды. Кешке жиналғандар жергілікті қолөнершілердің туындыларымен танысып, Желтоқсан оқиғасының куәгерлерінің естеліктерін тыңдады. Ардагерлер тәуелсіздіктің қадірі мен сол жылдардағы күрес жолы туралы жастарға тағылымды пікірлер айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Партияның атқарушы хатшысы Алмаз Жакишев бұл кештің ерекше маңыздылығын атап өтті.

– Бүгін біз Желтоқсан оқиғасына қатысқан ардақты азаматтарды арнайы шақырып отырмыз. Олар тәуелсіздіктің қалай келгені туралы өз ойларымен бөліседі. Партиямыз құрылғанына небәрі үш жыл болса да, биыл алғаш рет өз бастамамызбен осындай іс-шара өткізуді жөн көрдік. Қонақтарға құрмет белгісі ретінде шағын сыйлықтар дайындадық. Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндері жастықтарына қарамай, еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен азаматтарға бүгін жүрек жылуымызды, ризашылығымызды көрсетпекпіз,– деді Алмаз Әжібекұлы.

Жарма ауданының тумасы Бақболат Сағымбайұлы сол күндері Ұлан ауданының Завидное ауылында прораб болып жұмыс істепті. 16–18 желтоқсандағы оқиғаны ести сала, ауылдастарымен Өскемендегі алаңға баруға ниеттеніп, жолға шығады. Алайда оларды жолда тоқтатып, ауылға кері қайтарады. Кейін басшылық оларды «ұлтшыл» деп айыптап, сөгіс жариялаған. 

Бақболат Сағымбайұлы қазір бейбіт күнге тәубе айтып, тәуелсіздіктің қадірін білу керектігін айтады. Бұрын отыз жыл бойы Желтоқсан ақиқаты толық айтылмаса, бүгінде мемлекеттің қолдауының арқасында желтоқсаншылар құрметтеліп жатқанын атап өтті.

Оның тілегі – болашақ ұрпақ отансүйгіш болып өсіп, елдің тыныштығын, бейбіт өмірді сақтап қалу. Желтоқсан құрбандарының есімі ұмытылмай, тарихи шындық толық ашылады деген үміт білдірді.

Тағы бір жерлесіміз марқакөлдік азамат Қайырхан Қазбекұлы 1986 жылы Алматыдағы өрт сөндіру училищесінде оқып жүрген. Ол өз сөзінде нақақтан күйіп, өзіне шындыққа жанаспайтын «мынау – антикоммунист, антисоветтік әрекетке қатысқан» деген ауыр айыптар тағылғанын еске алды. 

Сөйтіп бір жарым айға қамалады. Кейін Харьков қаласына жіберген. Онда да 15 одақтас республиканың жігіттерімен бірге бақылауда болады, Желтоқсан оқиғасы туралы айтуға қатаң тыйым салынады.1991 жылы жұмыстан шығарылып, бір жылға шартты жазаға кесіледі. Кейін Президент Жарлығымен амнистияға түсіп, босап шыққанымен, әлі күнге дейін сот арқылы толық ақталмаған. Содан кейін ұзақ жылдар жұмыс таба алмай, 22 жыл жұмыссыз жүрген.

- Үш жыл Марқакөл ауданына жер аударылып, туған ауылымда тұрдым. Кейін Глубокое ауданына келіп, біраз жылдан соң мемлекеттік қызметке қайта қабылдандым. 2017 жылы зейнетке шықтым. Бүгінге дейін ресми түрде ақталған жоқпын. 1986–1989 жылдар бойынша құжаттардың ешқайсысы архивтерден табылмайды. Қолдағы архивтік материалдар толық емес, кей деректер әдейі алынып тасталған, - дейді Қайырхан Қазбекұлы.

Ардагер жас ұрпаққа еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық баға жетпес байлық екенін айтты. 

- Тәуелсіздік күні қарсаңында бізді арнайы шақырып, құрмет көрсетіп отырғандарыңызға үлкен алғыс айтамын. Желтоқсан оқиғасынан бері отыз жылдан асып, келесі жылы қырық жыл толады. Сол күндерді еске алудың өзі ауыр. Өсіп келе жатқан ұрпаққа еліміздің егемендігін бағалаңыздар, найзаның ұшымен, білектің күшімен ата-бабаларымыз қорғап қалған жерімізді аялаңыздар дегім келеді. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын, - деген ақжарма тілегін жеткізді Қайырхан Қазбекұлы.

Көрмеге киізден басылған бұйымдар, киіз үй макеті, Марқакөл мен Катонқарағайды мекендейтін маралдар бейнеленген жұмыстар, киізден жасалған заманауи қоржындар, эко-принтпен жасалған жібек орамалдар, жергілікті суретші Елена Белованың акварель, пастель техникасында жазылған картиналары да қойылған. Экспозицияны «AyaVostok» бренді мен ШҚО креативті индустрияны дамыту жөніндегі кеңестің төрағасы Аяжан Қайырханқызы таныстырды.

- Біз 2012 жылдан бері экологиялық бағыттағы қолөнерді – жүн, киіз өңдеу мәдениетін дамытуға атсалысып келеміз. «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері ретінде біз жұмысымызда экологиялық бастамаларды қолдап, экологиялық таза өнімдерден жасалған бұйымдарымызды ұсынуды жөн санадық, - дейді Аяжан Қайырханқызы.

Кеш барысында өңірге танымал өнерпаздар Мағзат Мұқашев пен Сымбат Байгундинова әннен шашу шашты. “Радость” би ұжымы мың бұралған билерімен тәнті етті. Кештің әсерлі өтуіне университет волонтерлері де атсалысты. Жастарымыздың осындай тағылымды шараның басы-қасында жүргені қуантады.

Кештің ең толғандырар тұсы – Желтоқсан оқиғасына қатысқан ардагерлерге тартылған ерекше сыйлықтар болды. Жергілікті қолөнерші жүннен тоқыған, «Желтоқсан 1986» деген жазуы бар мойынорағыштар сол бір ызғарлы күндерде тоңған жүректерге бүгінгі жылы лебіз бен құрметтің нышанындай әсер қалдырды.

«Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мағзат Мұқашев тәуелсіздік үшін күрескен азаматтардың ерлігін ерекше құрметпен еске алды. Көз жанарынан айырылса да, ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Бұған дейін Күршім ауданында механизатор, балықшы болып еңбек еткен.

Мағзат Мұқашев «Қазақстанның мәдениет қайраткері» төсбелгісі, «ҚР құрметті азаматы» атағының, басқа да марапаттардың иегері. 

– Еліме қызмет ету – жүрегімнің қалауы. Егемендігіміздің қадірін ұрпақ ұмытпасын, – дейді Мағзат Мұқашев.

Міне, кештің өн бойын тербеген тағылым мен толқыныстың түйіні – Тәуелсіздікке деген жүректен шыққан құрмет. Желтоқсанның ызғары мен бүгінгі бейбіт күннің арасы бір сәтке жақындап, сол күндердің жалын жастарымен жүздескендей әсер қалдырды. Ардагерлер айтқан әр сөз, әр естелік – бүгінгі ұрпақ үшін аманат, елдікке шақырған үн.

Кештің соңында сахнада айтылған әндер, өнерпаздардың жүректі тербеген әуезі мен ерлікке құрмет ретінде табысталған шағын сыйлықтар — барлығы да Тәуелсіздіктің қадірін тағы бір еске салды.

Осы бір мәнді шара оқырманға өткеннің тағылымын, бүгіннің жауапкершілігін және болашаққа деген үмітті қатар сезіндіргендей. Тәуелсіздігіміз мәңгі, елдігіміз еңселі болсын.


Айна Бакимбаева 

Фото/видео: Жалғас Сакадиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу