KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
513.55 602.09 6.42

Карнавалдық костюмді таңдау кезінде нені ескеру қажет

Кеше, 12:15 60 Айна Бакимбаева

Жаңа жыл қарсаңында шырша мерекесіне балалардың барлығы карнавалдық костюм дайындайтыны белгілі. Осы жерде балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше назар аудару қажет. Карнавалдық костюмді таңдау кезінде оның сыртқы көрінісін ғана емес, сондай-ақ материалдарының сапасын, киюге ыңғайлылығын және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін де ескеру маңызды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары костюмнің өзі де, бетперделер мен аксессуарлар да өткір химиялық иіс шығармауы тиіс екенін ескертеді. 

– Бөгде иістің болуы улы бояғыштардың немесе сапасы төмен шикізаттың қолданылғанын көрсетуі мүмкін. Табиғи маталардан тігілген бұйымдарға немесе табиғи астары бар костюмдерге басымдық берген жөн. Толығымен синтетикалық костюм қолданылған жағдайда, оның ішінен мақта матадан тігілген іш киім кигізу ұсынылады, - дейді мамандар.

Карнавалдық костюм әдемі ғана емес, мереке кезінде бала белсенді қимылдайтындай ыңғайлы болуы керек. Костюм балаға дәл болғаны дұрыс. Етек-жеңі тым ұзын немесе шамадан тыс кең тігілген киімнің салдарынан құлап қалу немесе жарақат алу қаупі артады. Киім қозғалысты шектемеуі, денені қыспауы және теріні қажамауы қажет.

Жылу алмасуын да ескеру маңызды: қалың әрі көлемді костюм киген бала, әсіресе, жабық ғимараттарда терлеп кетуі мүмкін. Дененің температурасын реттеуге мүмкіндік беретін бірнеше қабатты киімдер анағұрлым қолайлы. Тігіс сапасына назар аудару қажет: тігістері түзу, ал фурнитурасы берік бекітілген болуы тиіс. Резеңкелер мен ілгектер теріні қажап тастамас үшін қорғаныш элементтерімен жабдықталғаны дұрыс.

Барлық ұсақ бөлшектер – моншақтар, жылтырақтар, сәндік элементтер, баулар мықтап бекітілуі тиіс. Олар үзіліп кетуі мүмкін немесе бүлдіршіндер аузына салып, жұтып қою қаупі жоғары.

Карнавалдық костюмді сатып алған кезде таңбалау белгілерінің және ілеспе ақпараттың болуын тексеру қажет. Сенімді өндіруші тауар туралы толық әрі шынайы мәліметті, оның ішінде материалдарының құрамын және пайдалану жөніндегі ұсынымдарды міндетті түрде көрсетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу