KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

ШҚО-да Омбудсмен институтына деген халық сенімі артып келеді

19.12.2025, 12:00 1 127 Ержан Әбіш

Қоғамдағы жедел өзгерістер, құқықтық реформалар мен цифрландыру жағдайында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты азамат пен мемлекет арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ететін маңызды тетіктердің бірі болып қала береді. Шығыс Қазақстан облысында бұл институт Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өңірлік өкілдігі арқылы ұсынылған. Өкілдіктің негізгі миссиясы – әрбір азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға жәрдемдесу.

Әрбір адам өз құқықтары бұзылған жағдайға тап болуы мүмкін. Заңсыз жұмыстан шығару, медициналық көмектен бас тарту, кемсітушілік, бас бостандығынан айыру орындарындағы қатыгездік және өзге де жағдайлар тиісті қарауды талап етеді. Осындай сәттерде Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдігі көмекке келеді: мұнда азаматтарды тыңдап, кеңес беріп, өтініш пен шағымды заң талаптарына сай рәсімдеуге жәрдем көрсетіледі. Қызметкерлердің айтуынша, азаматтар көбінесе құқық қорғау органдарының әрекеттеріне, сот шешімдеріне, еңбек құқықтарының бұзылуына, сондай-ақ сотталған адамдардан түсетін шағымдармен жүгінеді.

Бұл ретте Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өңірлік өкілі «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңға сәйкес адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға жәрдемдесетінін, алайда уәкілетті мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың және соттардың қызметіне араласпайтынын түсіну маңызды.

Іс жүзінде бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге прокуратура органдарына және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгіну, сондай-ақ барлық уәкілетті органдар, ұйымдар мен лауазымды тұлғалар үшін міндетті болып табылатын ұсынымдар мен өтінішхаттар жолдау арқылы қол жеткізіледі.

Омбудсмен институтының прокуратура органдарымен тығыз өзара іс-қимылы ерекше атап өтуге тұрарлық. «Прокуратура туралы» конституциялық заңның 29-шы бабына сәйкес адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру мақсатында прокуратура Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды және оның қызметіне жәрдем көрсетеді.

Өкілдіктің қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – жабық мекемелердегі адам құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу. Бұл тергеу изоляторларына, уақытша ұстау изоляторларына, арнайы қабылдау орындарына, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне, психиатриялық және наркологиялық диспансерлерге мониторингтік баруларды қамтиды. Мұндай тексерулер барысында санитарлық жағдайлар, медициналық көмекке қолжетімділік, әкімшілік пен персоналдың қарым-қатынасы зерделенеді. Өкілдік өкілдерінің айтуынша, тіпті бір ғана мониторингтік сапардың өзі құқық бұзушылықтардың алдын алуға және адам құқықтарының баршаға ортақ екенін еске салуға мүмкіндік береді.

ШҚО бойынша өкілдіктің қызметі Конституция мен «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңға негізделеді. Аталған заң омбудсменнің тәуелсіздігін бекітіп, мемлекеттік органға жоғары конституциялық мәртебе берді, бұл елімізде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелерінің маңыздылығын айқындайды.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметінше, 2024 жылы еліміз бойынша 6,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Өтініштердің 70 пайыздан астамы сотқа дейінгі тергеп-тексеру, ұстау жағдайлары және сот шешімдеріне қатысты болған. Барлық өтініштердің ішінен 902-сі қанағаттандырылды, 814-і құзыретті органдарға жолданды, 4057 өтініш берушіге түсіндірме берілді. Қалған өтініштер бойынша да азаматтарға тиісті түсініктемелер беріліп немесе олар құзыретті органдарға жолданды. Шығыс Қазақстанда өтініштер санының тұрақты өсуі халықтың өкілдікке деген сенімінің артқанын көрсетеді.

 Өкілдік – диалог, сенім және құқықтық ағарту орталығы

Өкілдік қызметкерлері құқықтық түсіндіру жұмыстарын да белсенді жүргізеді. Бұл жұмыстар оқушылармен, студенттермен, әйелдермен және ерлермен, зейнеткерлермен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, сотталғандармен және медициналық мекемелердің пациенттерімен, жалпы облыстың барлық тұрғындарымен қамтылады.

Кейде құқық қорғау қызметі абстрактілі ұғым сияқты көрінуі мүмкін. Алайда Шығыс Қазақстанның тәжірибесі оның нақты әрі нәтижелі екенін дәлелдейді. Өңірлік өкілдік тиімді, ашық және кәсіби түрде жұмыс істейді. Бұл әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтар, жабық мекемелерде отырған адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар, сондай-ақ құқықтық, қаржылық және өзге де сауаттылығы төмен адамдар үшін аса маңызды.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдігі – қабылдау орны ғана емес, сонымен қатар диалог, сенім және құқықтық ағарту орталығы. Мұнда орынсыз уәделер берілмейді, егер заң бұзушылықтар анықталса, нақты көмек көрсетіледі. Соңғы жылдары өкілдік айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді: ондаған азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, бірқатар лауазымды тұлғалар әртүрлі жауапкершілік түрлеріне тартылды, өкілдің бастамасымен қылмыстық істер қозғалды.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі облыс әкімдігімен, прокуратурамен, орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен, құқық қорғау органдарымен, қоғам қайраткерлерімен, үкіметтік емес ұйымдармен және депутаттармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.

Балалардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта Өкіл Шығыс Қазақстан облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аксана Каленовамен белсенді өзара іс-қимыл жасайды.

Үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен оқыту семинарлары мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Омбудсмен институтына деген халықтың сенімі артып келеді, бұл e-Otinish онлайн-сервистері мен электрондық қабылдау арқылы келіп түсетін өтініштер санының өсуінен көрініс табуда.

Сонымен қатар бірқатар мәселелер де сақталуда. Барлық азаматтар өз құқықтары мен омбудсменге жүгіну мүмкіндіктері туралы толық хабардар емес. Кейбір шағымдарды түрлі себептерге байланысты құжат жүзінде растау қиын. Материалдық ресурстардың шектеулілігі, штат бірлігінің аздығы (барлығы бір қызметкер) және соған байланысты мамандардың жетіспеушілігі де өзекті мәселе болып отыр. Сонымен бірге халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік органдар қызметін азаматтардың мүдделеріне бағдарлау қажеттілігі бар.

Өкілдіктің алдағы жоспарларында цифрлық құралдарды кеңейту, аудандарда мобильді қабылдаулар ұйымдастыру, қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту көзделген. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтарға тек әрекет ету ғана емес, сонымен қатар құқықтық ағарту мен тұрақты мониторинг арқылы олардың алдын алу.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін маңызды институт болып қала береді. Ол қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы буын рөлін атқарып, адамдарға әділеттілікті қалпына келтіруге көмектеседі және құқықтық жүйеге деген сенімді нығайтады.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу