KZ
Өскемен
-12°
небольшой снег жел 9 м/с, СБ
517.66 606.49 6.44

ШҚО әкімі: «Менің үйіме баратын жол мен әкімдік алды ең соңғы кезекте тазалануы керек»

19.12.2025, 08:30 84 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов әлеуметтік желі арқылы соңғы күндері Өскемен тұрғындарынан қар тазалау сапасы мен қоғамдық көліктің жұмысына қатысты сұрақтар мен шағымдардың жиілеуіне байланысты облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бағамдап, бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы қаланың орталық көшелерімен қатар шеткі аумақтардағы учаскелердің жағдайын және қоғамдық көліктің қозғалысын тексеріп, қала әкіміне сын-ескертпелер айтты.

Облыс әкімі қыс мезгілінде бейберекет іс-қимылға жол беруге болмайтынын атап өтіп, тұрғындардың күнделікті қозғалыс қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, ең алдымен әкімдік пен басшылықтың үйіне апаратын жолдар емес, халық көп жүретін аумақтар тазалануы қажет.

«Қыс мезгілінде бұл мәселелер адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей әсер етеді. Ең алдымен адам көп жүретін көшелер, тротуарлар, аялдамалар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен аулалар қардан тазалануы тиіс. Ал менің үйіме баратын жол мен әкімдік алды соңғы кезекте тазалануы керек», – деді ШҚО әкімі.

Нұрымбет Сақтағанов коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты ескертпелер білдіріп, қала әкіміне кәсіпкерлермен және ғимарат иелерімен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Іргелес аумақтардың уақытылы әрі сапалы тазалануы – баршаға ортақ жауапкершілік.

Сонымен қатар, облыс әкімі коммуналдық техниканың жай-күйін нақты бағалап, қысқы кезеңге алдын ала дайындықты күшейту қажеттігін баса айтты.

«Коммуналдық техниканың жағдайын шынайы бағалап, қарлы күндерге алдын ала дайындалу маңызды. Тек қар жауған кезде ғана әрекет етуге болмайды», – деді аймақ басшысы.

Тексеру барысында Нұрымбет Сақтағанов қоғамдық көлікке мініп, жолаушылардың қызмет сапасына қатысты пікірлерін тыңдады. Осы ретте қала әкіміне қоғамдық көлік жұмысына жеке бақылау жүргізуді тапсырды.

«Күн сайын таңертең және кешкі қарбалас уақытта, сондай-ақ сағат 20.00-ден кейін ешкімге ескертпей, өзіңіз автобусқа мініп, жағдайды көзіңізбен көруіңіз қажет. Тек осындай тікелей бақылау арқылы ғана нақты проблемалар айқындалып, мердігер ұйымдардың алдына талапты күшейтуге және жұмыстың сапасын арттыруға мүмкіндік туады», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысы автобустардың уақтылы қатынауы мен көшелердің дер кезінде қардан тазалануы өскемендіктер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың негізгі көрсеткіштері екенін атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу