KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 5 м/с, В
513.55 602.09 6.42

ШҚО-да ірі энергия таратушы компания қызметкерлері марапатталады

Бүгін, 10:45 57 Төлеуғазы Жансая

Энергетиктер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында өңірдегі ең ірі энергия таратушы кәсіпорындардың бірі – «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» акционерлік қоғамының қызметкерлерін ұлықтауға арналған салтанатты шара өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айта кетейік, Қазақстанда Энергетиктер күні дәстүрлі түрде желтоқсан айының үшінші жексенбісінде атап өтіліп келді. Алайда 2025 жылдан бастап бұл кәсіби мереке ресми түрде бекітіліп, енді жыл сайын 22 желтоқсанда аталып өтпек.

Айта кетейік, 17 желтоқсан күні Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласының ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін ерекше атап өтті.

– Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Осы мереке қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ-да еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі еленіп, сала мамандарына құрмет көрсетіледі. Бұл кәсіпорынның мамандары күн сайын өңір тұрғындарын үздіксіз әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді.

«Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ – Қазақстандағы ең ірі өңірлік энергия таратушы кәсіпорындардың бірі. Компания қызмет көрсететін электр желілерінің ұзындығы мен пайдаланудағы жабдықтар саны бойынша алдыңғы қатарда тұр. Кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының аумағын қамтиды. Компанияның негізгі миссиясы – тұтынушыларды электр энергиясымен сенімді әрі сапалы қамтамасыз ету.

Сонымен қатар 2025 жылы «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ-ға энергиямен жабдықтаушы ұйым мәртебесі берілді. Бұл компанияның өңірдегі энергетика жүйесіндегі рөлін одан әрі күшейтті.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, елдегі электр желілерінің жай-күйі экономиканың даму қарқынына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты компания тозығы жеткен жабдықтарды жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және энергетикалық желілерді жаңа технологиялық деңгейге көтеруге басымдық беріп отыр.

– Біз энергетикалық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғыртып, инновациялық шешімдерді енгізу арқылы саланың тұрақты дамуына жағдай жасауды мақсат етеміз, – деп атап өтті компания өкілдері.

Кәсіпорын жұмысының тиімділігі, ең алдымен, жаңа технологияларды қолдану мен білікті мамандардың кәсіби деңгейіне байланысты. Осы орайда Энергетиктер күні – сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегін атап өтіп, оларға шынайы алғыс білдірудің тағы бір мүмкіндігі.


Елизавета Седых

Фото: «БЭСК» АҚ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу