Ішкі істер министрлігі: мереке қарсаңында алаяқтардан абай болыңыз!
Ішкі істер министрлігі мерекелік кезеңде азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Жаңа жыл қарсаңында интернет-алаяқтар өз әрекеттерін күшейтіп, тұрғындарды түрлі айла-тәсілдер арқылы алдауға тырысады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жалған ашықхаттар, «жаңа жылдық құттықтаулар» және «тиімді» жеңілдіктер туралы хабарламалар таратады. Мұндай құттықтаулардың ішінде қауіпті файлдар немесе сілтемелер болуы мүмкін. Анимациясы немесе музыкасы бар жарқын ашықхаттарды ашқан жағдайда, телефонға немесе компьютерге зиянды бағдарлама орнатылып, жеке деректерге қол жеткізу қаупі туады. Соның салдарынан алаяқтар парольдерді, банк карталарының мәліметтерін және түрлі қосымшаларға кіру мүмкіндігін иеленуі ықтимал.
Сонымен қатар интернет-сауда алаңдарында нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен тауарлар мен сыйлықтар ұсынылады. Алаяқтар шұғыл түрде ақша аударуды талап етіп, «соңғы дана», «уақытша акция» деген сылтауларды алға тартады. Ақша аударылғаннан кейін хабарландыру өшіріліп, сатушы байланысқа шықпай қалады. Көп жағдайда олар жалған аккаунттарды, қолдан жасалған пікірлерді және жалған фотосуреттерді пайдаланып, өздерін сенімді сатушы ретінде көрсетуге тырысады.
ІІМ азаматтарға бейтаныс сатушыларға алдын ала ақша аудармауға, тауар немесе қызмет туралы пікірлерді, аккаунттың тіркелу мерзімін және бұрынғы жарияланымдарын мұқият тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ бейтаныс адамдардан келген файлдар мен сілтемелерді ашпау, әсіресе APK кеңейтімі бар файлдарды бірден өшіру қажет екені ескертіледі. Қажет болған жағдайда тек ресми дүкендер мен тексерілген платформаларды пайдаланған жөн.
Мерекелік көңіл күйді алаяқтарға алдану бұзбас үшін жеке деректерге сақтықпен қарап, күмән тудыратын ұсыныстардан бас тарту маңызды. Қауіпсіздік – әр азаматтың өз қолында. Өзіңізді және қаражатыңызды қорғаңыз.