Абай-180 жыл: Ұлылар мекеніне саяхат (ІІІ бөлім)
Жалғасы: Аруақтарға ата жолымен құрмет көрсетіп болғасын, көне бейіт басында көп аялдамай, сонау көз ұшында сілемденіп жатқан Арқат тауын бетке алып жүріп кеттік. Үйренген орнына бір қырындай жайланып отырғасын:
- Анау Шонжырдағы асу сай аузында құлаған зираттың орны жатыр. Бұл қорымға Тоғалақ Өтепберген молда жерленген. Өтепберген Тоғалақтың тоғыз ұлының бірі Балтаның немересі. Өз ортасына салмағы жететін, аз сөзді, ойындағысын дабырайтпай, дабырламай орындайтын сыпайы, бүкіл Тобықты жұртына мәлім кісі болыпты жарықтық. Осы Өтепберген Өскенбай асына қатысқан, соңына мол естелік қалдырған кісі. Мынау сол Өтекеңнің айтқандары, – деген жолбасымыз бұл жолғы әңгімені әріден қозғады...
ЕСКІ КҮННЕН БІЗГЕ ЖЕТКЕН ЕСТЕЛІК
- Сол кезде Тобықтыда қара танитын санаулы ғана кісі едік. Құнекең арабша жақсы айыратын. «Өсекеңнің жаназасын кім шығарады?» - дегенде, таңдау ортамыздан үздік шыққан Көкше Төлетай деген жас жігітке түсті. Мырза жаназаға жиналған молдаларды тыңдап кеп:
- Көкшенің қара құнаны бәйгеден келіп тұр екен. Би жаназасын сол жігіт шығарсын дегенді, сонда айтқан болатын, – дейді оқиғаны өз көзімен көрген Өтекең.
- Сол Төлетай кейінде Меккеге барып, қажы атанды. Бұл жерде Өскенбай асының қай жерде, қандай дәрежеде өткендігі, оған үш жүзден қандай-қандай белгілі, беделді адамдардың келгендігі, тағы басқалары жайында романда молынан қамтылғанын өздерің білесіңдер. Сондықтан мен Өтегеннің аузымен айтылған, кітапқа енбей қалған естеліктерді сөз еткелі отырмын, – деген Бекен аға шынымен де бұрын-соңды еш жерден естімеген қызғылықты әңгімелерге түрен салды.
- Жұрт Өсекең асына бірінші күнгі сәскеден бастап-ақ төрт тараптан құйыла бастаған. Үшінші ас тарқар күні – жұрт тамақтанып, сусындап болғасын, ас қызығы басталды. Күн бесінге айналғанда, ортаға балуандар шықты. Мың сан адам гуілінен құлақ тұнады. Ортаға бір дәу шықты. Өзгелер оған қарағанда құлжаның қозықасындай ғана. Жаршы ас халқын үш айналып шыққанда, бүкіл қазақтан әлгінің қарсысына ешкім шықпады. «Апыр-ай, бұл кім болды екен?!» - дескендерге: «Ойбай-ау, бұл даңқты Дадан тобықты, Көтен балуан емес пе! Осы күнге дейін жауырыны жер иіскеп көрмеген, аты шулы өзіміздің Көтекең ғой бұл!» - деп түсінік беріп жатты білетіндер...
Сөйтіп, ас та тарқай бастаған шақ болатын. Біздің «қонақ тарайдымыз» жай сөз екен. Бар болғаны сейілген екен қонақтар. Бұл күні де жүз үй толы мейман күттік. Өткен күндерден жеңіл, әрине. Сол асқа аса алыстың адамдары - өзбек, қарақалпақ, қырғыз, ойғыр жұртындағы қазақ ағайындары да келіпті. Қайсыбірі асқа деп төрт аяқты мал түгілі, құл мен күң де әкелген екен. Мысалы, өздерің көрген Ғабитхан молла бар ма – асқа Керей Шүршіт байдың тартқан жігіті ол.
АРЫСТАНДЫ ШОҚПАРМЕН ҰРЫП ЖЫҚҚАН ПАЛУАН
Алыстың адамдарын күтіп, астың берекесіне көңіліміз толып, мамыражай отырғанда күжілдеген біреудің:
- Қулар бәйгенің өңгесін талап әкетті. Түйені босағасына байла, Мырзаның! Мен өз ағамның асынан өзім бәйге алам ба екен? – деген дауысы шықты. Бұл Көтен балуан екен. Мырзаның үстіне кіргіздік. Құнекеңнен қанша сескенсек те сылтауратып жүріп, орын тауып отырдым-ау, әйтеуір. Көзінен нұр, жүзінен иман төгіліп тұрған қияпаты келіскен жан екен балуаның.
Құнекең балуанға айрықша ілтипат білдірді. Бір әредікте Мырза балуанға:
- Балуан аға, жасыңыз нешеде? Өзіңізден күші асқан кісі болды ма? – деді. Балуан:
- Жасым төрт мүшелге жетті, биыл 49-дамын. Он тоғыз жаста едім. Қараменде бидің ауылына келдім. Бидің Ташкенттен бес күншілік жерде болатын асқа жүрмекші екенін естідім. Үш бәйге ат жаратыпты. Делебем қозып, барғым кеп, би маңында көп жүріп алсам керек. Би ауылыма қайтпай, неге бөгеліп жүргенімді сұрады. Асқа бірге барғым келетінін айтып едім, би сәл ойланыңқырап, рұқсат қылды. Астыма жарамды ат мінгізіп, үстіме киім кигізіп ертіп әкетті.
Ас күнінен үш күн бұрын барып тынықтық. Бәйгеге би үш атын да қосты. Бір аты да бәйгеге ілінген жоқ. Енді күрес басталды. Майданға «Қоңыраулы қоңыр» деген Қоқан балуаны шықты. Жаршы бүкіл жұртты екі айналып шыққанда бір адам белсеніп шықпады. Жаршы үшінші айналымға кетті. Бізге де жуықтап қалды. Осы кезде шыдай алмадым. Жүгіріп би алдына кеп, қолымды жайып бата сұрадым. Би де осыны күткендей екен:
- Ал да соқ, Аллауакпар! – деп бата берді. Жүре шешініп, барған бетте ұстаса кеттім де, сарт еткізіп іштен шалдым. Еңкейттім, шалқайттым – тастай алмадым. Тіпті, тырп етер емес. Енді бөгелсем, лақтыратын түрі бар. Шалған аяғымды жұлып ап, қырқалап қақтым кеп. Гүрс ете түсті. Секіріп жөнелдім. Балуан жатқан бетінде қалды. Өліп кеткен екен. Аяғым бүйірден жазым тиді ме деймін. Міне, осы адамның қабырғасын қайыстыра алмадым, інім, – деді.
Біраздан соң Мырза тағы да:
- Балуан, қолыңыздың білезігіне не болған? – деді. Өзгеміз байқамаппыз, қарасақ, балуанның оң қолының білезігі шор екен. Балуан:
- Менің жас кезімде қонысымыз аса биік таулы жерде еді. Біз қыстайтын шаттың басын арыстандар мекен қылатын. Мезгіл жазғытұрым еді. Бір жақтан келсем, зар жылаған анамның дауысы шығып жатыр. Құлақ түріп тыңдасам, анам:
- Тар құрсағым кеңіткен, тас емшегім жібіткен, тұңғышым-ай, итке жем болдың-ау. «Барма!» - деп ем, болмадың. Сен Көтен емессің, қайратың төмен. Шіренгенде бесігіңді ғана сықырлататынсың. Көтен болса, бесіктің тартпасын үзетін деп ем тіл алдың ба, құлыным-ай! – деп, зарланады. Ағамды арыстанның айғыры жеп қойыпты. Не болғанымды білмей кеттім. Қарманғанда қолыма мойыл шоқпарым ғана түсті. Арыстанның жымына жөнелдім. Шаттың басында бір ұя арыстан өсетін. Айғыры күркіреп, мен келе жатқанда жол бере беретін еді. Бұл жолы олай етпеді. Тұра ұмтылдым. Арыстан да қарсы атылғанда, ұрдым кеп шоқпармен. Бүктеліп түсті. Қарасам басы быт-шыт боп, миы шашырап, тұмсығы жерге еніп кетіпті. Ашумен шоқпарды асыра сілтесем керек. Білезігім сонда тайып кеткен екен. Ет қызуымен байқамаппын, содан шор бітті, - деді батыр.
- Құнекең Көтен балуанға да зор құрмет көрсетіп, сый-сияпат, жол-жоралғысымен аттандырған көрінеді.
Осылай деп әңгімені әріден бір қайырған ағамыз:
- Міне, осылай шырақтарым. Бұл жақтағы ел аузында ескі күндердің ертегіге бергісіз мұндай аңыз-әңгімелері тіптен көп. Оны айтып түгесем деу бос әурешілік. Біздікі сол көнекөздерден естіп-білгенімізді, аннан-мұннан оқып-түйгенімізді бүгінгі ұрпаққа, өздеріңе бұрмаламай, жұлмаламай жеткізу ғана, – деді беті-қолын шайып, дала дастарқанына жайғасып жатып.
САЯСАТҚА ҚҰРБАН БОЛҒАН СӘЙГҮЛІК
Ендігі бағытымыз – Жидебай. Бұл кезде күн екіндіге ауған. Жолбасымыз бір әредік демін алсын деген оймен Қинаят аға екеуіміздің арамыздағы әңгіме алдымыздағы тамыз айында дүбірлеп өтуі тиіс Абай тойына ойысқан болатын. Тойдың былтырдан бергі жүргізіліп жатқан қызу дайындығы, қай мемлекеттен қандай меймандардың келетіндігі, той бағдарламасына енген ат жарысы мен балуандар күресі, ақындар айтысы төңірегінде естіген, білгенімізді тағы да басқа әне-міне әңгімемізді айтып келеміз. Осы кезде манадан бері өзімен-өзі ой құшағында қалған Бекен аға:
- Ат жарысы жайында айтып қалдыңдар ғой. Мен сендерге жылқының жүйрігіне қатысты бір баян айтайын, – деп сөзге араласты. - Өскенбай асы қазақтың үш жүзінің басын қосқан санаулы астың бірі ғана болып қоймай, бірегейі боп бағаланатын даңққа жетті. Бұл астың артқаны оның айрықша ұйымы салтанатты, ретті өткендігі болып саналған. Кейбіреуге астан соңғы Бөжей реніші, аста бірінші келген Қосжетер атына бәйге бермеу, одан туындаған мәмбетейліктер өкпесі секілділер ас берекесінің бұзылуы болып көрінбеуі керек. Мұның екеуі де сыртқа шықпас, ет пен терінің арасындағы желкөбік іспетті ағайынның кемпірназы ғана. Құнанбай «Тай тулап үйірінен шықпас» - деп, өз руының мәртебесін де, аламаннан оза шапқан сәйгүлігін де үлкен саясатқа құрбан етіп, көрегендік жасады деп ұққан жөн.
Арғынның Алшынбайының екінші келген атына бас бәйгені берсе, ол үшін ұлы бидің еңбегі сіңген, сіңбек түгілі өткен де. Ал енді осы ас жөнінде сөз жеткізушілер «Қосжетер құла атының жүйріктігін қалай таныды? Бұрын ол ат бәйгеге қосылмаған ғой?» - дегенге кеп тоқтай берген. Бірақ солардың бірі де құла аттың өнерін танушы адамды атамайды.
Құла аттың жүйріктігін танып, ұлы асқа қосқызушы адамның аты – Тәті. Ол – Машан тауының оңтүстік батыс сыртында, Сарғалдақ өзенінің сол жағасына жерленген. Тас зираты күні бүгін бар. Жергілікті жұрт ол араны «Тәтінің басы» - деп атайды. Бұл жөнінде Қарсамбектің Әбіші деген кісі былай дейді:
- Тәті Қосжетердің түйешісі болған. Руын білмеймін. Қосжетер бес-алты үйір ғана жылқысы бар, аса бай адам болмаған. Бір ғажабы, сол аз ғана жылқысынан жүйрік шыға береді екен. Құнекең әкесінің асына сауын айтқан соң, Қосжетер өз үйінде отырып:
«Мырза сәлем айтыпты. Би асына ат әзірлейтін болсын, «жылқысынан жүйрік шыға беруші еді ғой» деп. Біз қай атты дайындасақ жөн» - деген екен. Қосжетерде бұрыннан бәйгеден келіп жүрген үш бәйге ат болған. Ақылдаса келе, соларды күтімге алады.
Бір күні ауыл адамдары жиылып отырса, түйеші Тәті кеп: «Байеке, Сіз Өсекең асына менің астымдағы атты қоссаңыз қайтеді?» - дейді.
Мұны естіген жұрт жатта кеп күліп, түйешіні келекеге айналдырады. Бай: «Құла ат баршын тартып қалды емес пе және ол өзі шабушы ма еді?» - деп сұрапты.
Сонда Тәті: «Ой, байеке, сіз де сұрайды екенсіз. Мен бірдеме білмесем, орынсыз қолқа салам ба? Құла атты, ең болмаса ана үш атыңызбен қатар қара жарысқа салып көріңізші» - деп жалынады. Қосжетер Тәтінің бетін қайтармай, үш жүйрікпен бірге құла атты да қара жарысқа салған екен. Құла ат жақыннан да, алыстан да байдың үш бәйге атын мал деп маңына дарытпапты. Сөйтіп құла ат астан бір жыл бұрын күтімге алынады.
Бәйгеден дәмелі деген үш аттан озған соң-ақ, Қосжетердің айналасы құла аттың жүйріктігін мойындап, Тәтіден «Әй, сен мұның жүйріктігін қалай білдің?» - деп сұрақтың астына ала бастайды. Сөйтсе Тәті: «Егер құла ат аста озып келсе ғана айтамын» - деп қана қояды.
Хош. Қосжетердің құла аты бәйгеге қосылған 500 аттан оза шауып, астың алдын шайқайды. Енді Тәтінің бағы аспандаса керек еді ғой. Қосжетер пайымды адам болар. Түйеші Тәтіні жеке ауыл қондырып, алдына екі айғыр үйір жылқы сап, көшуіне түйе, көгеніне деп қой беріпті. Сөйтіп, бір реті келгенде, Тәтіден өзі байқаған құла аттың сипат өнерін сұрайды.
Сонда Тәті: - Мен құла атты тайынан мініп едім түйеге. Жасы биыл 13-ке толды. Сол 13 жыл ішінде жылқыда жоқ үш сипатын байқап, қайран қалып жүретінмін. Біріншісі – Құла ат тайынан ағындап барып тастаушы еді тезегін. Екіншісі – тұңғиық қара суды бойлай жүзіп барып, ең тұнығынан су ішетін. Бәрібір бой бермейтін болғасын еркіне жіберетінмін. Үшіншісі – жауынның ең жылдамы өткіншісі ғой. Мейлі жақында, мейлі алыста жүрейін, өткінші жауын іліне бастағанда құла атпен «шу» деп жөнелгенде, үстіме жауынның бір тамшысын тигізбей үйіме кеп «дік» ете түсуші едім, – деген екен.
(Жалғасы бар)
Серік Құсанбаев


