KZ
Өскемен
+2°
небольшой снег жел 4 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

ШҚО әкімі Тарбағатай халқымен кездесті: Нақты жобалар мен алдағы жоспарлар талқыланды

28.06.2025, 11:40 388 Серік Құсанбаев


Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тарбағатай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Ақжар ауылының халқымен кездесті. Жиын барысында аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, өңірдің алдағы жылдарға арналған жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Атқарушы билік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен реформаларына сәйкес жұмысын жалғастырып келеді. Осы ретте біз экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында нақты жұмыстарды қолға алып отырмыз, – деді облыс әкімі.

Нұрымбет Сақтағанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы нақты деректер келтірді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыста оң серпін байқалған: жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз көлемінде сақталып отыр, 32,4 мың жұмыс орны құрылған, оның 21,4 мыңы – тұрақты жұмыс орны. Орташа айлық жалақы 12 пайызға өсіп, 380,3 мың теңгені құрады.

Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін экономикалық өсім қарқынын екі есеге арттыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыста жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіптің 40 пайыздық үлесін және сыртқы факторларды ескере отырып, экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр.

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында облыста өңірлік жобалау кеңсесі құрылып, барлық аудан мен қала бойынша бесжылдық даму жоспарлары бекітілген. Сонымен қатар, ауылдық округтер үшін жеке жол карталары әзірленген. Жалпы көлемі 2,8 трлн теңге болатын бұл жобалардың 2,3 трлн теңгесі жеке инвестиция есебінен, ал 522,4 млрд теңгесі бюджет қаражатынан қарастырылған.

Тарбағатай ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес 231,2 млрд теңге жеке инвестиция мен 20,3 млрд теңге бюджет қаржысы тартылмақ. Облыс әкімі ауданның агроөнеркәсіптік кешені мен өнеркәсіп бағытында жоғары әлеуеті бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, адами капиталды тиімді пайдалану да маңызды фактор ретінде қарастырылып отыр.

Нұрымбет Сақтағанов Ақжар ауылында жүзеге асқан және жүзеге асырылатын нақты жобалар туралы да айтты. 2024 жылы жеке инвестиция есебінен бірқатар нысандар бой көтерген. Атап айтқанда, 300 млн теңгеге жабық үлгідегі базар (ЖК Касымов Т.), 310 млн теңгеге азық-түлік дүкендері (Нұр, Балнұр, Аружан, Қазына, Adem, Тәуке), 150 млн теңгеге «Adal» дүкенін жаңғырту және 66,4 млн теңгеге «Таганское» кен орнын (Тагбент ЖШС) жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Ал биыл Ақжар ауылында 100 млн теңгеге темір-бетон бұйымдарын шығаратын цех (ИВЕГА ЖШС), 700 млн теңгеге сауда объектілері салу, Тәуке ауылында 300 млн теңгеге асфальт-бетон зауыты (ИВЕГА ЖШС), Байтоғас ауылында 166 млн теңгеге балық өңдеу цехы, Зайсан көлінің жағалауында 100 млн теңгеге туристік-рекреациялық аймақты дамыту, Тұғылда 40 млн теңгеге ыстау-балық цехы («Зайсан балықшылары» ӨК) және Жетіарал ауылында 94 млн теңгеге жаңбырлатып суару жүйесін орнату жобалары жүзеге асырылмақ.

Облыс әкімі осы жобалардың бәрі халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның инвестициялық тартымдылығын көтеруге бағытталғанын атап өтті.

– Бұл жобалар – ауданның болашағы. Экономикалық өсім, жаңа жұмыс орындары, халықтың тұрмыс сапасын арттыру – біздің ортақ мақсатымыз. Бастысы – уәделер орындалуы керек. Тарбағатай ауданының әкіміне жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Кездесу соңында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, тікелей жауап алды. Әкім көтерілген мәселелердің бір бөлігін орнында шешіп, қалғандарын жеке бақылауына алатынын айтты.

Фото: Махаббат Ахметжанова

 



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу