KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 2 м/с, З
503.44 593.35 6.55

ШҚО: әлеуметтік-экономикалық даму оң қарқында

29.05.2025, 10:20 447 Айдос Мырзахметов

Зайсан төрінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың аудан тұрғындарымен жүздесуі басталды. Бұл – жай ғана кездесу емес, ашық сұхбат алаңы, атқарылған істерге есеп беріп, келешектің көкжиегін бірге белгілейтін маңызды басқосу. Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі жетістіктерді баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Сонымен қатар халықтың өтініш-тілектерін тыңдауға ниетті екенін жеткізді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Зайсан – табиғаты тамаша, тарихы терең, өрісі кең өңір. Ауыл шаруашылығы мен туризм саласында әлеуеті жоғары бұл аудан – Қытаймен шекаралас орналасқан, стратегиялық маңызы зор аймақ. Сондықтан шекара маңын дамыту, ауылды өркендету, қоршаған ортаны қорғау мәселелері мұнда әрдайым назарда.

– Мен сіздермен ашық диалогқа дайынмын. Әр ұсыныс, әр пікір – біз үшін маңызды. Біздің жұмысымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен реформаларына негізделіп, өңірдің тұрақты дамуына және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімінің айтуынша, былтыр Шығыс Қазақстанда, соның ішінде Зайсан ауданында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде сақталып, 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 21 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Сондай-ақ халықтың орташа айлық жалақысы 12 пайызға өсіп, 378,5 мың теңгеге жеткен.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай экономикалық өсімді екі есеге арттыруды тапсырды. Біз бұл міндетті жүзеге асыруға бар күшімізді салудамыз. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесін сақтау – басты басымдық. Бүгінде бұл көрсеткіш 40 пайызды құрап отыр. Бұл – айрықша мән беруді қажет ететін көрсеткіш. Жаһандық ахуал үнемі өзгеріп отырған қазіргі заманда икемді саясат қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Кездесуде инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік мәселелерді шешу, ауылды дамыту сынды тақырыптар да кеңінен талқыланды. Бұл бағыттар Зайсанда әлі де басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Айта кетерлігі, кездесуге облыстық басқарма басшылары мен сала өкілдері де қатысып, тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын тікелей қойып, нақты жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Нұрымбет Сақтағанов халықпен осындай ашық форматтағы жүздесулер – өңір саясатын айқындаудың, жүйелі жұмысты қалыптастырудың тиімді тетігі екенін атап өтті. Билік пен халық арасындағы сенім мен түсіністік – дамудың басты тірегі. Шығыс Қазақстан бұл бағытта оң қарқынын жоғалтпай келеді.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу