Ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттау мәселесі талқыланды
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев Қытай Халық Республикасының Елшілігі өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР нарығына экспорттау мәселелері, оның ішінде фитосанитариялық талаптарды сақтау және оларды қолдану тетіктері жан-жақты талқыланды.
Қазақстан тарапы Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының инспекциялық қызметін жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл Қытай нарығына экспорттауға рұқсат етілген өңірлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде экспорттық әлеуеттің артуы жеткізілім көлемін ұлғайтып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Отандық компаниялар мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қолданыстағы рәсімдер аясында инспекциялық тексерулерді өткізуге және барлық қажетті ақпаратты ұсынуға дайын екендіктерін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністік пен іскерлік ықпалдастықты жалғастыруға мүдделі екендіктерін білдіріп, қаралған барлық мәселелер бойынша алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге келісті.