Креативті индустрияны мемлекеттік қолдау қағидалары бекітілді
Қазақстанда креативті индустрия субъекттерін мемлекеттік қолдау және ынталандыру қағидалары бекітілді. Құжат саланы дамытудың жүйелі әрі ашық тәсілін қалыптастырып, креативті жобаларды идея мен пилоттық шешімдер кезеңінен бастап, халықаралық нарықтарға шығару және коммерцияландыруға дейін сүйемелдеуді көздейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа қағидаларда қаржыны қайтару мәселесіне ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қолдау жобалардың тұрақтылығы мен экономикалық тиімділігіне бағытталып, гранттық қаржыландыру үлесін барынша азайту және жеке инвестиция тарту тетіктерін дамытуға басымдық береді.
Құжатта креативті және пилоттық жобаларды қаржыландыру, бірлесіп қаржыландыруға арналған қаржылық құралдар, жеке инвесторлармен бірлескен бастамаларды іске асыру, креативті өнім экспортын қолдау тетіктері қарастырылған. Сондай-ақ зияткерлік меншікті тіркеу және құқықтық қорғауға жұмсалған шығындарды өтеу, халықаралық шығармашылық байқаулар мен іс-шараларға қатысу, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жетістіктер үшін сыйақы беру мәселелері қамтылған.
Сонымен қатар қаржылық емес қолдау шаралары да белгіленді. Олардың қатарында консультациялық, акселерациялық және білім беру бағытындағы қолдау, халықаралық мәдени және креативті платформаларға қатысуға жәрдемдесу, үй-жайлар мен жабдықтарды жеңілдетілген шарттармен ұсыну, цифрлық сервистер мен онлайн-платформаларды дамыту, жобаларға маркетингтік және құқықтық сүйемелдеу, креативті индустрияны дамытудың өңірлік стратегияларын әзірлеу, инклюзияны қамтамасыз ету және саланың жекелеген бағыттары бойынша арнайы бағдарламалар бар.
Қағидалардың қабылдануы креативті индустрияны ел экономикасының маңызды әрі бәсекеге қабілетті саласына айналдыруға бағытталған. Бұл сала жаңа жұмыс орындарын құрып, экспортты дамытуға және елге қосымша табыс әкелуге мүмкіндік береді.