Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Алтай ауданының Полянское ауылында таяуда ғана ашылған, мың бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасын аралады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазірдің өзінде сексеннен астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып, сапалы сүт өндіруді жолға қойған тауарлы-сүт фермасының құрылысы «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасының аясында өткен жылдың соңында қолданысқа берілген болатын.
Мұндағы сапалы сүт өндіруге бағытталған қондырғылар мен мал күтуге арналған техникалардың барлығы да шетелдік қымбат жабдықтар, тіпті, сиырлардың өзі де шекара сыртынан жеткізілген голштин-фриз тұқымды ірі қара. Ал осындай іргелі кәсіпорынды жергілікті халықтың арасынан шыққан өз ісінің мамандары мен білікті жас кадрлар басқарып отыр.
Инвестициялық жоба «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие есебінен қаржыландырылған. Жоба құны – 10,151 млрд теңге. Оның 5,453 млрд теңгесі кәсіпорынның өз қаражаты.
– Қаржыландыру 2024 жылы үш кезең бойынша жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2 млрд 226 млн теңге мал азығын дайындайтын техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға жұмсалса, 7 млрд 371 млн теңге құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталды. Сонымен қатар, 553,7 млн теңгеге Голландиядан голштин-фриз тұқымды 350 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынды. Ферма жоғары өнімді техникамен толық жабдықталған. Мұнда тракторлар, комбайндар, егіс кешендері, бүріккіштер, сондай-ақ мал шаруашылығы мен жем-шөп өндірісіне арналған арнайы құрал-жабдықтар қолданылады. Олардың басым дені шетелден әкелінген. Нысан толық іске қосылғаннан кейін жылына 6 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Болашақта оны тағы 10 мың тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Соған орай, алдағы уақытта тағы да қосымша жұмыс орындары ашылады, – дейді басшылық.
Ферма мамандарының айтуынша, бұл кәсіпорын жобалық қуаты мен өндіріс көлеміне қарай бүгінгі уақытта республика бойынша алтыншы орында келеді, алда үздік бестікке ену межесі тұр.
– Біздің фермада сүт өндіру процесі толық автоматтандырылған. Мұндағы әр сиырда арнайы датчиктер орнатылған. Сол арқылы компьютермен әр бір бастың күніне қанша литр сүт беретіні, оның майлылығы, басқа да көрсеткіштері экранға жинақталады. Сауу алаңына бір мезгілде 48 бас кіре алады. Бір сиыр тәулігіне үш рет сауылады. Мұндағы әр бастың денсаулығы, күнделікті жай-күйі, салмақ қосуы, азайтуы бәрі-бәрі толық бағдарлама арқылы бақыланады. Яғни, бір сөзбен айтқанда мұнда кішігірім зертхана да орналасқан деуге әбден болады. Сиырлардың барлығы қолдан ұрықтандырылады. Бұзаулағанға дейінгі барлық процесс те күні, минутына дейін ветеринарлардың үздіксіз бақылауында. Бұзаулар да туыла салысымен ерекше күтімге алынады. Мысалы, бүгін 5 қаңтарда екі сиыр бұзаулауы керек, оны тосып отырмыз. Әр бастың жеке бас карточкасы да ашылған, – деді малшаруашылығы өндірісі бойынша басқарушы директоры Азамат Үсенов.
Кәсіпорын сүт бағытында болғандықтан жаңа технологияның көмегімен мұнда 100 бас сиырдан қолдан ұрықтандыру арқылы шамамен 95-97 пайыз ұрғашы төл алынады. Еркек төл туа қалса, бірден сатылымға шығарылады. Ферма басшылығы әзірге толық қуатқа кірмегенше, мал сатылмайтындығын алға тартады.
Талапқа сай өндірілген сапалы дайын сүтті аймаққа белгілі сала алпауыттарымен келісімді бағаға қабылдап алады.
Сонымен қатар, мұнда жұмысқа келетін жастарға да қолдау қарастырылған екен. Мәселен, қазірдің өзінде ветеринар мамандар өзге аудандардан осында жұмысқа орналасуда.
– Мен Шемонаиха ауданының Рулиха ауылынан осында тұрақты жұмысқа келдім. Мамандығым ветеринар дәрігер. Жұмысым өзіме ұнайды, себебі жайылымға шықпай үнемі бір орында тұратын малдың денсаулығын нашарлатпай, қажетті сүт беруге жағдайын жасауға үлкен күш-жігер, үнемі ізденіс, оқу қажет. Еңбегіме орай, төрт жүз мыңға дейін жалақы аламын, жыл соңында бонустар да қарастырылған, – дейді ферманың ұрықтандырушы-ветеринары Евгения Жасекенова.
Аудан әкімдігі еліміздің және облыстың өзге аймақтарынан Полянское ауылына көшіп келем деушілер болса, тиісті әлеуметтік қолдау болатындығын айтады.
– Агрохолдинг өзінің жұмысшы мамандарына арнап 14 пәтер салды, өрт сөндіру көлігін алып бермек. Біз өз тарапымыздан жаңа екі үйдің құрылысын аяқтадық. Мектеп, балабақша бойынша бүгінде ешқандай мәселе жоқ. Кәсіпорынға, ауылға көшіп келем деген ниетті адамдар бар. Бүгін міне, аудандардан төрт адам ауылға келе жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты жалғасады. Сондықтан, ауылдың болашағы жарқын, жастар, жас отбасыларға айтарымыз мұнда көшіп келуге қорқудың еш реті жоқ, – деді кездесу барысында Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев.
– Бүгін біз жұмысымен танысқан Полянское ауылындағы сүт фермасы ауданның ғана емес, аймақтың экономикасына қозғаушы күш беретін кәсіпорын болмақ. Аймақтар дамуының нақты мысалы десек те болады. Ферма толық қуатына енгенде бұл ауылға адамдар көшіп келетін болады, түрлі мамандар келеді, солар ауылды өркендетуші негізгі күшке айналады, – деді Ерлан Саиров.
Сапар барысында ҚР Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі Лұқбек Тұмашинов елдегі жетекші партия өңірлерді дамыту шеңберінде іске асып жатқан мұндай жобаларды әр кез қолдайтындарын жеткізді.
– Бірінші кезекте ауыл өмірінің тамырына қан жүгіртіп жатқан қарапайым еңбек адамдарына алғыс айтқым келеді. Сіздер қиын уақыттарда ауылды тастап кетпей, керісінше дамуына қол ұшын бердіңіздер. Әлі де ауылшаруашылығында тер төгіп келесіздер. Енді міне, ауылдарыңызда үлкен кәсіпорын жұмысын бастады. Жұмыс орындары ашылды, тұрақты айлық бар. Жағдай бар. Ауылдың болашағына ақ жол ашылды деген сөз. Енді тек қана еңбек ету керек, жастарды үйретіп, тарту қажет. Бұл ретте Мемлекет, оның ішінде елдегі жетекші партия «AMANAT», фракция депутаттары ауыл өркендеуі үшін қызмет жасайтын барлық бастамаларды қолдайды. Бұл біздің бірінші кезектегі міндетіміз, – деді Лұқбек Шабданұлы.
Фото: Артём Жигулин
Видео: Жалғас Сақадиев