KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, З
512.83 600.58 6.36

ШҚО ормандарын қорғау шарасы күшейтілді: өңірде 138 жаңа техника пайдалануға берілді

29.12.2025, 11:00 612 Айдос Мырзахметов

Кенді Алтайда орман қорын сақтау тек экологиялық емес, ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі өзекті мәселе. Осы жауапкершілікті ескере отырып, өңірде соңғы жылдары орман шаруашылығын материалдық-техникалық тұрғыдан күшейтуге бағытталған елеулі жұмыстар жүзеге асуда. Бұл ретте бүгінгі салтанатты жағдайда табыс етілген жаңа техника мен заманауи бақылау құралдары – орман өрттерінің алдын алу, жедел әрекет ету және табиғи ресурстарды қорғаудағы жүйелі саясаттың нақты көрінісі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ел аумағындағы барлық орман алқаптарының шамамен қырық пайызы Шығыс Қазақстанға тиесілі. Алтайдың асқақ сілемдері мен қалың қарағайлы белдеулері тамсанар табиғи байлықпен қатар, ұрпақ алдындағы аманат. Осындай ауқымды орман әлеуеті өңірге ерекше жауапкершілік жүктейді, ал оны сақтау мен қорғау – күн сайынғы табанды еңбекті талап ететін күрделі міндет. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов сала мамандарын маңызды оқиғамен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстардың өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

- Барлық қабылданған шаралар орман саласы мамандарының еңбек жағдайын жақсартуға, табиғи байлығымызды қорғау тиімділігін арттыруға, орман өрттерінің алдын алуға және жедел әрекет етуге, сондай-ақ қалпына келтіру іс-шараларын жүргізуге бағытталған нақты қадам болып табылады. Бүгін тапсырылып отырған техника тиімді пайдаланылып, өңіріміздің орман шаруашылығын дамыту мен нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Жаңа жыл қарсаңында орман саласының қызметкерлеріне жоғары кәсібилігі, жауапкершілігі және өз ісіне адалдығы үшін ерекше алғысымды білдіремін. Отбасыларыңызға және жақындарыңызға зор денсаулық, табыс пен бақ-береке тілеймін, - деді өңір басшысы құттықтау сөзінде. 

Соңғы жылдары облыста орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі әрі мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы жеті жыл ішінде бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 107 бірлік техника сатып алынды. Биыл бұл жұмыс жаңа серпін алып, Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы шамамен 3,9 млрд теңгеге 122 бірлік техника, сондай-ақ облыстық бюджет есебінен 240 млн теңгеге 16 бірлік жоғары өтімді арнайы техника алынды.

- Табысталған техникалардың құрамына кіші өрт сөндіру кешендері, тракторлар және патрульдік автокөліктер кіреді. Сонымен қатар, орман алқаптарын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін, күндіз де, түнде де көру қабілеті бар 26 арнайы дрон пайдалануға берілді. Жалпы тапсырылған техниканың саны – 138 бірлік. Оның ішінде 34 өрт сөндіру көлігі, 47 трактор және 16 патрульдік автокөлік бар. Бұл техникалар өңірдің таулы әрі қыратты жол жағдайларында ерекше маңызға ие. Бүгін 13 орман шаруашылығы жаңа көліктерді қабылдап алып, оларды өз қызметтерінде пайдалануға кіріседі, - дейді Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Арман Есентаев. 

Салтанатты табыстау рәсіміне орман шаруашылығы саласының мамандары, күн мен түнге қарамай табиғат тыныштығын күзетіп жүрген жандар қатысты. Бұл техника – орман өрттерінің алдын алудағы сенімді қалқан, қауіп төнген сәттегі жедел әрекеттің кепілі. Жаңа мүмкіндіктер орман қорғау жұмыстарының тиімділігін арттырып, өрт ошақтарына дер кезінде жетуге, табиғи апат салдарын барынша азайтуға жол ашады.

- Біз үшін шынымен ерекше қуанышты күн туып тұр. Мемлекетіміздің, ел Президентінің қолдауымен су жаңа техникаларға қол жеткізіп отырмыз. Мен басқарып отырған орман шаруашылығы жеті техника алды. Өрттің алдын алуда, орманды қалпына келтіруде техниканың маңызы айтқысыз жоғары, - дейді «Верх-Уба Орман шаруашылығы» КММ директоры Тұрсынхан Айтымбетов. 

Қабылданған шаралар сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға, орман қорын қорғау тиімділігін күшейтуге, орман өрттерінің алдын алу мен оларға жедел әрекет етуге, сондай-ақ орманды қалпына келтіру іс-шараларын жүйелі жүргізуге бағытталған. Табыс етілген техника өз міндетін адал атқарып, Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосары сөзсіз. 


Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу