KZ
Өскемен
-30°
туман жел 1 м/с, С
518.39 603.09 6.68

Қазақстан мұғалім еңбегін бағалау көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы қатарда

Кеше, 16:30 95 Қуаныш Рахметоллаұлы

Халықаралық TALIS 2024 зерттеуінің жаңадан жарияланған қорытындылары Қазақстандағы педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен еңбегінің бағалануы айтарлықтай артқанын көрсетті. Бұл туралы Altainews.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

OECD – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізетін аталған ірі зерттеу әлемдегі ондаған елдің білім беру жүйесін қамтып, мұғалімдердің кәсіби тәжірибесін, еңбек жағдайын, мектептегі ахуалын, сондай-ақ олардың мамандығына деген қанағаттану деңгейін жан-жақты талдайды.

TALIS 2024 нәтижелеріне қарағанда, Қазақстан педагогтері өз еңбегінің қоғамда жоғары бағаланатынын атап өткен елдердің қатарында. Мұғалімдердің басым бөлігі қоғам тарапынан құрмет пен қолдауды сезінетінін, жұмыс жағдайлары жыл сайын жақсарып келе жатқанын көрсеткен. Бұл — педагог мәртебесін арттыру бағытында қабылданған мемлекеттік шаралардың тиімділігінің айқын дәлелі. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова зерттеу нәтижелеріне түсініктеме бере отырып, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан ауқымды реформалардың педагогтер жағдайын жақсартуға тікелей ықпал еткенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары білім беру ұйымдарында мұғалімдер мен оқушылар үшін қолайлы орта қалыптасқан. Бұл ретте мұғалім еңбегін бағалау, кәсіби өсуге жол ашу, артық есептілікті қысқарту және әлеуметтік қолдау жүйесін күшейту бағытында елеулі жұмыстар атқарылған.

«TALIS 2024 халықаралық зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстан педагогтердің еңбегін бағалау бойынша әлем елдерінің арасында екінші орында, мектептегі ішкі ахуал да жылдан жылға жақсарып келеді. Бұл жетістіктер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласындағы реформаларының тиімділігін айқындайды», – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, білім беру ұйымдарына енгізілген жаңа стандарттар мен басқару моделдері мұғалімдердің кәсіби еркіндігін кеңейтті, оқу процесінің тиімділігін арттырды. Педагогтердің мәртебесі туралы заң талаптарының іске асуы да мектептердегі атмосфераны жақсартуға ықпал еткен.

Академиялық адалдық – білім сапасының өзегі

Бүгінгі таңда білім беру саласы өте жылдам өзгеріп келеді. Сандық технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллектінің дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа жауапкершілікті талап етеді. Осыған байланысты Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде академиялық адалдық мәселесіне ерекше тоқталды.

«Педагогтер мен оқушылар арасында жасанды интеллектіні тиімді қолдану мәдениетін қалыптастыру, адалдық қағидаттарын сақтау және бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу — өзекті мәселе. Академиялық адалдықты нығайту, оны жаңа технологиялар дәуіріндегі білім беру үдерісінің өзегіне айналдыру – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Себебі ол – білім сапасының, жауапты азамат қалыптастырудың және елдің болашақ дамуының негізгі тірегі», – деді министр.

Министр бұл мәселе оқу-тәрбие процесінің барлық деңгейінде маңызды екенін атап өтті. Жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық нормаларын енгізу, академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу — білім сапасын көтерудің ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Адалдықты дамыту бойынша меморандум қабылданды

Форум аясында академиялық адалдықты нығайтуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Академиялық адалдық лигасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды. Бұл құжат білім саласындағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету, академиялық мәдениетті дамыту, этикалық нормаларды нығайту және жаңа технологияларды жауапкершілікпен қолдану бағытындағы бірлескен жұмыстың бастамасы болып табылады. Сонымен қатар, меморандумды іске асырудың 2026–2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітіліп, нақты міндеттер мен іс-шаралардың тізбесі анықталды. Жол картасы мұғалімдер мен оқушыларға арналған тренингтерді, оқу бағдарламаларын жаңартуды, цифрлық сауаттылық пен этикалық стандарттарды күшейтуді қамтиды. TALIS 2024 зерттеуінің қорытындылары Қазақстанның білім беру жүйесі соңғы жылдарда айтарлықтай өзгергенін дәлелдейді. Педагогтердің еңбегін бағалау деңгейінің жоғарылауы, мектептегі ахуалдың жақсаруы, мұғалімдердің кәсіби қанағаттануы — білім саласында жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мұғалім кәсібінің беделін арттырып қана қоймай, сапалы білім беруге деген мотивацияны күшейтті. Ал академиялық адалдықты дамытуға бағытталған жаңа қадамдар Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға жақындата түсетіні сөзсіз.


Қуаныш Рахметоллаұлы

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу