KZ
Өскемен
-18°
переменная облачность жел 1,8 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Оқу-ағарту министрі: Кәсіподақтар педагог құқығының қорғалуына бақылауды күшейтуге тиіс 

28.11.2025, 12:00 98 Ержан Әбіш

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің мәртебесі мен еңбек құқықтарының қорғалуын күшейту қажеттігін атап өтіп, салалық кәсіподақтардан бұл бағыттағы қоғамдық бақылауды арттыруды талап етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұлдыз Сүлейменова оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашевамен кездесті. Кездесуде сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары, кәсіби мүдделері және педагогтердің мәртебесін қорғауға бағытталған өзекті мәселелер талқыланды.

Кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева соңғы уақытта кәсіподақ тарапынан атқарылған жұмыстар туралы баяндап, білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының орындалуын бақылау бойынша жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижелерін ұсынды. Оның айтуынша, тек 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана 1889 рет қоғамдық бақылау жүзеге асырылып, 3222 құқықбұзушылық фактісі анықталған. Соның ішінде 632 дерек – еңбекақының дұрыс есептелмеуі мен уақытында төленбеуі, 404 дерек – жұмыс және демалыс режимінің бұзылуы, өзге де бұзушылықтар педагогтер құқығының толық қорғалмай отырғанын көрсетеді.

Министр Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін еліміздің белсенді педагогтерімен болған кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталып, кәсіподақтармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, педагогтер ұсынған бастамалар қатарында кәсіподақ базасында педагогтер үшін байланыс орталығын құру, педагог-омбудсмен штат бірлігін енгізу, білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлер үшін 30 күндік еңбек демалысын бекіту, сауықтыру төлемақысын төлеу жүйесін жетілдіру мәселелері бар.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің қоғамдағы мәртебесін арттыру, құқықтарын қорғау және олардың еңбек жағдайын жақсарту бағытында нақты міндеттер қойған. Осыған орай «Педагог мәртебесі туралы» заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр.

– Кәсіподақтар педагог мәртебесі мен құқықтарының қорғалуына басымдық беріп, бұл бағыттағы қоғамдық бақылауды күшейтуге тиіс. Педагог – қоғам тұтастығын ұстап тұрған тұлға. Олардың құқықтарының қорғалуы біздің басты міндетіміз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар министр педагог мәртебесіне нұқсан келтірілген және құқықтары жиі бұзылатын өңірлерге қатысты кешенді сараптамалық есеп әзірлеуді тапсырды. Мұндай ақпарат білім саласындағы еңбек қатынастарының жалпы жағдайын бағалап, жүйелі проблемаларды анықтауға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында тараптар педагогтердің әлеуметтік және кәсіби жағдайын жақсарту, құқықтық қорғау тетіктерін күшейту және салалық кәсіподақтың қоғамдық бақылау рөлін арттыру бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу