Білім беру саласына ЖИ-ді енгізу бойынша жұмыс тобы құрылды
Қазақстанда орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу қарқыны артып келеді. Осы мақсатта Үкімет жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа құрылым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын технологиялық тұрғыда жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жұмыс істейді. Жұмыс тобының алғашқы отырысына төрағалық еткен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова EdTech бағытындағы отандық IT мамандардың ұсыныстарына ашық екенін айтты.
Министр жасанды интеллект туралы заңның қабылдануы елдегі технологиялық дамудың жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті.
Отырыста жасанды интеллектті қолданудағы этикалық стандарттарды бекіту, нормативтік-құқықтық базаны жаңарту; инновациялық технологиялар арқылы білім сапасын арттыру, AI жүйелеріне қойылатын техникалық талаптарды әзірлеу, оқыту процесіне жасанды интеллектті кезең-кезеңмен енгізу тетіктері сынды бірнеше маңызды мәселе талқыланды.
Жұмыс тобының жетекшісі болып Мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева сайланды. Алдағы уақытта жұмыс тобы тұрақты түрде бас қосып, білім беру саласындағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге бағытталған ұсыныстар әзірлейді.
Министрлік жаңа технологиялар білім сапасын жақсартуға, педагогтердің жүктемесін азайтуға және оқушылардың білім алу тәжірибесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.