Қазақстанда мектептерге арналған PISA-2025 зерттеуі басталды
2025 жылғы 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында ЭЫДҰ-ның мектептерге арналған халықаралық PISA зерттеуі жүргізіледі. Оған еліміз бойынша 1 мың білім беру ұйымдары мен 15 жасқа толған 40 мыңнан астам қазақстандық оқушы қатысады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Зерттеу дәстүрлі PISA әдістемесіне негізделген және оқу сауаттылығы, математика, жаратылыстану ғылымдары бойынша функционалдық сауаттылықтың негізгі дағдыларын бағалайды. Сонымен қатар бұл зерттеу арқылы білім беру ұйымдарына сыртқы бағалау жүргізіледі. Оның нәтижелері оқушылардың оқу үлгеріміне әсер ететін негізгі факторларды анықтауға бағытталған.
Айта кету керек, «Мектептерге арналған PISA» зерттеуін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізеді. Оған 2021-2024 жылдар аралығында еліміздің 3000-нан астам білім беру ұйымдары қатысты. Зерттеудің Қазақстандағы үйлестірушісі – А. Байтұрсынұлы атындағы ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы.
Айжанат Бақытқызы
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі