Өскеменде архив ісін дамытуға арналған өңірлік семинар өтуде
Өскемен қаласында 10–11 желтоқсан күндері «Құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттік бақылау жүргізу», сондай-ақ «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесінің функционалдық мүмкіндіктерімен жұмыс істеуге оқыту тақырыптарында өңірлік семинар өтуде. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті ұйымдастырды. Семинар жұмысына Мемлекеттік саясат және нормативтік-құқықтық реттеу басқармасының басшысы Салтанат Тащанова жетекшілік етуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған семинар архив ісі саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, құжаттарды сақтау талаптарын біріздендіруге және электрондық архив жүйесін енгізу тетіктерін тәжірибеде тиімді қолдануға бағытталған. Оған Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлері, сондай-ақ іс жүргізу саласының мамандары қатысуда.
Семинар екі негізгі кезеңнен тұрады. Алғашқы бөлім – пленарлық отырыс. Мұнда мемлекеттік және ведомстволық архивтердің жетекші мамандары құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, сақтау режимі талаптары, реставрациялау, дезинфекциялау, құжаттардың сақталуын тексеру және есепке алу жұмыстары жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Бұл – архив қызметіндегі ең жауапты әрі арнайы кәсіби даярлықты талап ететін бағыттардың бірі.
Екінші кезеңде секциялық жұмыс өткізіліп, мемлекеттік архивтер тарапынан ведомстволық архивтерге көрсетілетін әдістемелік қолдау мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, қызметтік пайдалануға арналған шектеулі қолжетімділігі бар құжаттармен жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді. Бұл ережелерді әзірлеуші уәкілетті орган ретінде комитет семинарға қатысушыларға құжат айналымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты нақты талаптарды жеткізді.
Сонымен қатар семинар аясында «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу, құжаттарды цифрландыру, қолжазба және машинамен терілген мәтіндерді сканерлеу ерекшеліктері кеңінен талқыланды. Қатысушыларға өшіп бара жатқан жазуды қалпына келтіру, мәтінді тану бағдарламалары, арнайы сканерлік жабдықтар, қағаз, фото және аудиовизуалды материалдарды сандық форматқа көшіруге қойылатын техникалық талаптар жөнінде толық ақпарат берілді. Нақтырақ айтқанда, құжаттардың кейінгі пайдалану барысында үлкейткен кезде анық әрі оқылатын болуы үшін айқындық, жарықтық және контраст деңгейлерін дәл сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Салтанат Тащанова өз сөзінде архив саласындағы материалдық-техникалық базаны нығайту мәселесіне де тоқталды.
Мемлекеттік саясат және нормативтік-құқықтық реттеу басқармасының басшысы архивтер әсіресе қоғамдық тамақтану орындарымен көрші орналаспау қажеттігін айтады. Сонымен қатар жылына кем дегенде бір рет залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Өйткені тамақтану орындарында болуы ықтимал кеміргіштер құжаттарға зиянын тигізуі, кеміріп тастауы мүмкін.
Оның айтуынша, бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде оң өзгерістер бар. Мәселен, Жамбыл облысында екі аудандық архивтің жаңа ғимараты салынған. Олар мобильді стеллаж жүйелерімен жабдықталған. Мұндай жабдықтар сақтау аумағын тиімді пайдалануға, құжаттарды шаңнан қорғауға және қоймалардың сыйымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанат Нұртасқызы осындай семинарлар Қазақстан бойынша жүйелі түрде өткізіліп отырғанын айтты. Бұл тәжірибе 2022 жылдан бастап енгізілген. 2023 жылдың ақпанынан бері жыл сайын бес өңірлік семинар ұйымдастырылып, еліміздің барлық 20 өңірі қамтылып отыр. Биыл бірқатар облыс бірнеше рет қатысқан. Маусым айында Қонаев қаласында Алматы облысы мен Жетісу өңірлері үшін, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында семинарлар өтті. Тамызда Қостанай облысында Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының қатысуымен кеңейтілген басқосу ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларының архив саласы өкілдері қамтылған семинар өткізілді.
Өскемендегі жиынға биыл бұрын толық қатыспаған өңір ретінде Абай облысы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары келіп отыр. Бірінші күні семинар жұмысына 78 маман қатысса, екінші күні үш өңірдің мемлекеттік архивтерінің толық тізімдегі дереккөздерімен жұмыс істейтін қызметкерлері шақырылып, жалпы саны 200-ден астам маманға «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі бойынша тәжірибелік оқыту өткізу жоспарланған.
Салалық семинар – кәсіби дамудың маңызды алаңы
ШҚО Глубокое ауданы мемлекеттік архивінің директоры Аслан Абдрасулин бұл салада 2021 жылдан қызмет етіп келеді.
Глубокое ауданы мемлекеттік архиві әзірге жеке тұрған ғимаратта емес, өзге мемлекеттік органдармен бір ғимаратта орналасқан. Әрине, болашақта архив саласы үшін бөлек, талапқа сай арнайы ғимарат салынса деген үміт зор. Себебі құжаттарды дұрыс сақтау мен сапалы қызмет ұйымдастыру үшін инфрақұрылымның маңызы өте жоғары.
Өскемендегі жиынға биыл бұрын толық қатыспаған өңір ретінде Абай облысы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының архив қызметкерлері келіп отыр. Бірінші күні семинар жұмысына 78 маман қатысса, екінші күні үш өңірдің мемлекеттік архивтерінің толық тізімдегі дереккөздерімен жұмыс істейтін қызметкерлері шақырылып, жалпы саны 200-ден астам маманға «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі бойынша тәжірибелік оқыту өткізу жоспарланған.
Өңірлік семинар архив саласындағы негізгі бағыттар бойынша біртұтас талаптарды қалыптастыруға, жаңа технологияларды енгізуге және құжаттық мұраны сақтаудағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге зор мүмкіндік беріп отыр.
Айна Бакимбаева
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай













