KZ
Өскемен
-24°
плотный туман жел 1 м/с, С
520.02 608.79 6.57

Марқакөлде ерекше балаларға арналған жаңа түзету кабинеті ашылды

Кеше, 12:00 81 Базарова Айгүл

Марқакөл ауданының орталығында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Бұл – өңірдегі инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға қосылған маңызды қадам, деп хабарлайды Altainews.kz.

Салтанатты шараға аудан әкімі Рүстембек Кемешев, білім басқармасының басшы орынбасары Жанғазы Әліпбаев, педагогтер, ата-аналар және балалар қатысты. Қонақтар жаңа орталықтың жұмысын жоғары бағалап, оның аудан балалары үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Жаңа мекеменің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың дамуына қолдау көрсетіп, оларды балабақша мен мектептің әлеуметтік ортасына дайындау. Орталықта 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға мамандардың көмегі көрсетіледі. Бір курс барысында 40-тан астам бала жеке және топтық сабақтарға қатыса алады.

Кабинет толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда кедергісіз орта жасалып, пандустар орнатылған, есік ойықтары кеңейтілген, арнайы тактильді белгілер қойылған. Логопед, психолог және дефектолог кабинеттері, Монтессори сыныбы, емдік дене шынықтыру залы, музыка-ырғақ бөлмесі және сенсорлық ортаға арналған арнайы бөлме жұмыс істейді. Сонымен қатар балалардың қысқа мерзім аралығында болуына арналған топ та қарастырылған.

Түзету кабинетінің негізгі бағыты – балалардың ой-дағдыларын, сөйлеу, моторлық және әлеуметтік қабілеттерін дамытуға бағытталған түзету-дамыту сабақтарын ұйымдастыру. Мұндай жан-жақты қолдау олардың инклюзивті ортада білім алуына және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді. Барлық қызметтер тегін көрсетіледі және тұрғылықты жері бойынша қолжетімді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу