KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 3 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Шемонаиханың шырайын кіргізер жобалар қолға алынады

4.12.2025, 17:30 132 Базарова Айгүл

Шемонаиха ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудандық мәдениет үйінде жергілікті жұртшылықпен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты толыққанды баяндама жасап, есептік кездесуін өткізді. Сонымен қатар аудан алдында тұрған нақты міндеттерді айқындап, салалық басқармаларға тиісті тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.   

– Бүгін сіздермен ресми жиналыс емес, еркін сұрақ-жауап форматында кездесу ұйымдастыруды жөн санадық. Президент биылғы өзінің халыққа Жолдауында алдағы нақты міндеттерді айқындап берген еді. Соған орай, мен өзім Шығыс Қазақстан облысының ағымдағы жылғы негізгі дамуы хақында және Шемонаиха ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына мейлінше мазмұнды әрі қысқа баяндама жасап, уақыттың басым бөлігін Сіздердің тараптарыңыздан түскен сауалдарға арнасақ деп шештім. Жиналыстан соң, өздерін толғандырған сауалдары бар азаматтарды жеке де қабылдайтын боламын, – деді облыс әкімі жиынның ашылуында.

ТУРИЗМ САЛАСЫНДА ТӨРТ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Шемонаиха ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспары бойынша 127,3 млрд теңге жеке инвестициялар тарту жоспарланған. 

– Жеке инвестициялар есебінен өткен жылы Рулиха ауылында 480 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферма кеңейтілді. Аудан орталығы Шемонаиха қаласында 154 орындық «Балу» балалар ойын-сауық орталығы салынды және шұжық цехы ашылды. Ал биыл аудан орталығында «Сивер плюс» кәсіпорны 380 млн теңгеге сүт өңдеу өндірісін іске қосса, аудандағы ұн тарту-құрама жем комбинаты өндірісті ұлғайтты. Шемонаиха ауданының әкіміне ауданды дамыту жоспары бойынша іс-шаралардың сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді кездесу барысында аймақ басшысы.

Айталық, Шемонаихада туристерді қабылдауға арналған 22 орын тіркелген. Осы жылы ауданда туризм саласында жалпы құны 68 млн теңгені құрайтын төрт жоба іске асырылуда. Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде аудан әкіміне визит орталығыг ашу бойынша ұсыныстар енгізуді, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалымен бірлесіп, республикалық тасжол бойында санитарлық-гигиеналық тораптарды орнатуды қамтамасыз етуді тапсырды. 

Ауданда мал шаруашылығы да дамып келеді. Бүгінде 20 мың бас ірі қара, 12 мың бас қой мен ешкі, үш мың жылқы бар. Осы жылдың 10 айында шаруашылықтар үш мың тонна ет өндірді. Жалпы аудан аумағында 10 сүт-тауарлы ферма және 1,9 мың басқа арналған екі мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. 

Облыс әкімі аудан басшысы Дидар Кеңесбаевқа облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жаңа жобалары, оның ішінде «Ауыл аманаты» аясында ұсыныстар енгізуді тапсырды.

ЕКІ ЫҚШАМ АУДАНДА СУ ҚҰБЫРЫ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

Халықпен кездесу барысында Нұрымбет Сақтағанов сумен жабдықтау жұмыстарының барысына да ерекше тоқталды. 

– Ауданда 34 елді мекеннің 32-сі сумен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың суға қолжетімділігі 98,4%-ды құрайды. Биыл Шемонаиха қаласының 11 және 12 ықшам аудандарында су құбыры желілері қайта жаңғыртылды. Березовка және Большая Речка ауылдарында су жүйелерінің құрылысы аяқталуға жақын, – деді аймақ басшысы. 

Сондай-ақ, осы жылы жергілікті бюджет есебінен Первомайский кентінде, Барашки ауылында, Шемонаиха қаласында су желілері жөнделген.

Облыс әкімі жиында халықты интернетпен қамту барысына туралы ақпарат берді. Қазіргі уақытта Шемонаиха жұртшылығының 95,1%-ы астамы интернетке қосылған. 

– Екі мыңнан астам адам тұратын 9 елді мекенде байланыстың болмауына немесе сапасыздығына қатысты арыз-шағымдар түсіп жатыр. Большая Речка және Медведка ауылдарында бюджет қаражаты есебінен антенна-мачталық құрылыс аяқталды. Қалған ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында байланыс операторларымен бірлесіп жүзеге асырылады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Аудандағы алты мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Starlink орнатылған. Көлік жолдарындағы байланыстың жоқтығы мәселесін шешу үшін биіктігі 60 метрлік антенна-мачталық діңгекті республикалық тасжол бойында орнатуға жобалық құжаттама әзірленуде.

АУДАНДА АУРУХАНА ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОЙЫЛАДЫ

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өткен жылы Шемонаиха қаласында 300 орындық жаңа мектеп бой көтерді. 14 нысанға жөндеу жүргізіліп, екі білім шаңырағына физика және химия кабинеттері сатып алынды. Биыл ауданда сегіз білім нысаны жөндеуден өтті. Сондай-ақ, бес мектепке жеті оқу кабинеті сатып алынды. 

Медицина саласында да оң өзгерістер бар. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Волчанка ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын. Ауданның денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық техникамен жабдықталуы 89,3%-ды құрайды.

Осы жылдың басынан бері Шемонаихада қатерлі ісікке шалдыққандар 12,8%-ға, қант диабеті 33,2%-ға төмендеді. Нәресте мен ана өлімі тіркелген жоқ.

– Халық Шемонаиха аудандық ауруханасында жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимараты мен дәрігерлік амбулатория салу қажеттігін айтып жатыр. Осы мәселені шешу мақсатында KAZ Minerals компаниясы Шемонаиха қаласында дәрігерлік амбулатория мен аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі үшін жеке корпус салуға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Нысандар 2026 жылы салынады. Сонымен қатар аудандық аурухана ғимаратын қайта жаңғырту бойынша қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Қаржыландыру мәселесі мемлекеттік сараптама нәтижесі алынғаннан кейін қаралады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

ЖОЛ ДА БОЛАДЫ, КӨПІР ДЕ ЖӨНДЕЛЕДІ

Есепті баяндамадан соң облыс басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Шемонаихалықтар «аудан орталығы Шемонаиха қаласының № 3,4,5, ықшам аудандарында жеке дәрігерлік амбулаториялар бола ма, орталықтағы ұзын Вокзальная көшесі жөнделе ме, аудан орталығына кіре берістегі Уба өзені үстіндегі негізгі үлкен көпір қашан жөнделеді?» деген сауалдар жолдады. Аталған сауалдардың барлығына да облыс әкімі тарапынан оң жауаптар берілді. Мәселен, амбулаториялар құрылысы келер жылдың ақпан, наурыз айларында басталатын болса, көпшілікті алаңдатқан бас көпірдің жөндеуі де 2026 жылы басталмақ. Қазіргі уақытта құрылыстың тиісті құжаттамалары әзірлену үстінде. Вокзальная көшесі осы көпірден басталатындықтан, онда да автоматты түрде жөндеу жұмыстары жалғасады.

Сапар аясында аймақ басшысы ауданның аумағында орналасқан жаңа өрт сөндіру бекетінде болды және «Шемонаиха ұн тарту-құрама жем комбинаты» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

ЖАҢА БЕКЕТТЕР ҚАУІПТІҢ БЕТІН ДЕП КЕЗІНДЕ ҚАЙТАРАДЫ 

Шемонаиха ауданында үш мемлекеттік өртке қарсы бөлімше және жеті өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Соның ішінде биыл Камышинка және Октябрьское ауылдарында қосымша өрт сөндіру бекеттері ашылды.

Бұл өрт сөндіру бекеттері аудан әкімдігі мен шаруашылықтардың күшімен ашылып, ҚР ТЖМ тарапынан берілген арнайы техникамен толық жарақтандырылған.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру аясында Вавилон ауылдық округіне қарасты Сугатoвка ауылындағы өрт сөндіру бекетіне барып, өртке қарсы жабдықтардың дайындығымен танысты. 

Бағдарлама ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға бағытталған.

Алдағы уақытта аталмыш өрт сөндіру посты облыс әкімі мен ҚР ТЖ министрінің қатысуымен ресми түрде ашылмақ. Жаңа нысан өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартып, өңірдегі өрт қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өрт сөндіру бекеті барлық қажетті жабдықтармен және техникамен қамтамасыз етілген. Бұл жөнінде облыс әкімі Нұрымбет Аманұлына облыстық ТЖД бастығы, полковник Рашид Бекетұлы баяндады. 

 – Бекеттің ашылуы ауылдық аумақтар үшін аса маңызды, себебі осыған дейін өрт сөндіру бөлімдерінің қаладан, аудан орталығынан келу уақыты ұзақ болатын. Ал ауылдың өзінде техника дайын тұратын болса, ауыл адамдарын, шаруа қожалығы жұмысшыларын ұйымдастырып, үлкен өрттердің алдын жылдам алуға болады. Себебі, алыс ауылдарда орман бар, шабындық, түрлі өндірістік нысандар бар. Соларды өртке жібермей, қорғап қалу маңызды. Дәл осындай тағы төрт бекет салынады. Биылға жиыны бесеу. Келесі жылы отыз бекет салу жоспарда бар. Жергілікті әкімдік пен шаруа қожалықтарының жетекшілері ғимарат пен ішіндегі өртке қарсы жабдықтарға жауапты болса, қажетті техниканы тиісті министрлік бөлетін болады, – деді облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Өрт сөндіру посты Сугатoвка ауылының (561 адам), сондай-ақ жақын орналасқан Горкуново (83 адам) және Кенюхово (244 адам) ауылдарының тұрғындарына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндік бермек және тұрғын үйлерге, шаруашылықтарға, әлеуметтік инфрақұрылымға тілсіз жаудан келуі ықтимал шығын қаупін барынша азайтады.

Аудандағы «Заря» шаруа қожалығы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға белсенді атсалысып келеді. Осы өрт сөндіру бекетін салу бастамасы шаруашылық басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталып отыр.

ӨНІМ ҚЫТАЙ МЕН ОРТА АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шемонаиха ауданына жұмыс сапары аясында Шемонаиха ұн тарту-құрама жем комбинатының тыныс-тіршілігімен танысты.

– Сонау 1976 жылы іргетасы қаланған комбинаттың негізгі көрсететін қызметі – ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының барлық түрлеріне арналған құрама жем өндірісі. Меншікті инвестициялар көлемі 2023-2025 жылдары – 684 миллион теңге. Инвестициялар қойма қуаттарын ұлғайтуға және зауыт жабдықтарын жаңартуға бағытталған. Несиелендіру бағдарламалары – «Өндіріс» бағдарламасы – 280 млн теңге, «Кеңдала», «Кең дала-2» – 1 млрд теңге, – деді комбинат директоры Тимур Тилов. 

Кәсіпорын басшысының айтуынша, аталған инвестициялар шикізат сатып алу үшін айналым қаражатын ұлғайтуға бағытталған. Сонымен қатар «Өрлеу» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банк арқылы 1,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат дәнді және майлы дақылдарды сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 20 мың тонна болатын қосымша сақтау кешенін салуға жоспарлануда.

Техникалық жарақтандырылуына келер болсақ, құрама жем өндірісі Түркияда өндірілген «Endustriyel Elektrik Sanayi ve Ticaret LTD Sti» жабдығында жүргізіледі. Өндірістік қуаты – сағатына 15 тонна. Жемді 25 және 40 келілік қаптарға қаптау желісі бар. Линиялық типтегі элеватор – 20 мың тонна сақтау көлемімен жұмыс істейді. Бұған қоса механикаландырылған қоймалар – екі мың тоннаға дейін өнім сақтауға мүмкіндік береді. Ұзындығы 1834 метр, 49 вагон қабылдайтын теміржол тармағы бар.

Шемонаиха ұн тарту-құрама жем комбинаты директоры Тимур Жамалұлы айтып өткендей, мұндағы өнім түрлері ірі қара малға арналған толыққанды теңгерімді жемдер (сауын мал, бордақылау), бұзауларға арналған жемдер (6 ай, 6-12 ай ұсақ мал) және ауыл шаруашылығы құстарына арналған жемдерді қамтиды.

Кәсіпорын 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 55 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Орташа жалақы үш жүз мың теңгені құрайды.

– Құрама жемдер түйіршіктелген және ұнтақталған күйде өндіріледі. Өндірісте қолданылатын негізгі шикізат – арпа, бидай, жүгері, сұлы, қара бидай, бұршақ, соя, күнбағыс шроты, күнбағыс жомы, рапс шроты, бидай кебегі, бор, тұз. Бұлар Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының өндірушілерінен сатып алынады. Дайын өнімнің 45 пайызы Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарына, 30 пайызы Алматы мен Түркістан облыстарына және 25 пайызы ҚХР және Орталық Азиядағы Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттеріне шығарылады. Зауыт жыл сайын өндіріс көлемін арттырып келеді. 2025 жылдың 10 айында 12 мың тонна өнім өндірді, – деді комбинат басшылығы.

Алдағы уақытта комбинат ұжымының алдында өндіріс қуаттылығын жылына 30 мың тоннаға дейін арттыру, шикізат сақтау көлемін 60 мың тоннаға ұлғайту, Қытай Халық Республикасына жылына 20 мың тоннаға дейін жемдік ұн экспорттау мақсаты тұр.



Дәурен Аллабергенұлы

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу