KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
511 602.72 6.49

Өскеменде экологиялық мониторинг жүйесі жаңарды: мобильді зертхана, 25 бекет және жедел бақылау

4.12.2025, 13:00 127 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қолға алынды. Өскемен қаласында атмосфералық ауа сапасын бақылауды күшейту мақсатында 25 стационарлық мониторинг бекеті іске қосылып, шығарындыларды азайтуға арналған үш жылдық жоспар қабылданды. Сонымен қатар, Экология департаменті жаңа мобильді экологиялық зертханамен қамтамасыз етіліп, кәсіпорындарға қойылатын талаптар күшейтілді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Бұл бастамалар өңірдегі экологиялық мониторингтің ашықтығын арттырып, ластануды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Құны 65,5 миллион теңгені құрайтын заманауи қондырғы өңірге Halyk Bank қолдауымен берілді. Зертхана Өскемен қаласының ауа сапасын жедел зерттеуге бағытталған. Тапсыру рәсімінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аталған жоба «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жүзеге асқанын атап өтті.

ШҚО Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Фархат Кнасилов мобильді зертхананың техникалық мүмкіндіктерін былай сипаттады.

«Мобильді экологиялық зертхана – газель көлігінің базасында жасақталған, заманауи өлшеу және қосалқы құралдармен жабдықталған. Онда SKY 8000 маркалы газанализатор орнатылған. Бұл құрылғы атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың концентрациясын бір мезетте бірнеше компонент бойынша өлшеуге мүмкіндік береді. Деректер автоматты түрде тіркеліп, компьютерлік жүйеге енгізіледі. Сонымен қатар, зертханада ауа температурасы, желдің бағыты мен жылдамдығы және атмосфералық қысымды анықтайтын метеостанция бар. Жылжымалы кешен кез келген санитарлық қорғау аймағында немесе өнеркәсіптік кәсіпорындардың ықпал ету аймағында ауа құрамындағы ластаушы заттардың нақты мөлшерін жедел өлшеуге қабілетті», — деді ол.

Жылжымалы зертхана Өскеменге тән SO₂, H₂S, NOₓ, CO, HCl, Cl сияқты негізгі ластаушы заттардың шекті деңгейден асуын дәл анықтай алады. Қаланың кез келген ауданында күмәнді жағдай байқалған сәтте зертхана оқиға орнына дереу барады.

Жаңа зертханалар мен бақылау жүйелерінің енгізілуі – Өскеменді экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі жайлы қалаға айналдыру жолындағы маңызды баспалдақ екені атап өтілді.

Экология департаментінің жұмысы айтарлықтай тиімді бола түсті. Бұрын мамандар тексеріс жүргізіп, кейін барлық ақпаратты бөлімге оралып, қолмен өңдеуге мәжбүр болатын. Бұл процедураның баяу жүруіне себеп еді.
Енді:
• деректер бірден электронды жүйеге түседі,
• талдау еш кідіріссіз жүргізіледі,
• ластану деңгейін нақтылау минуттар ішінде мүмкін болады.

«Өскемен тынысы» экологиялық бюросының жетекшісі Елена Березинская-Абилова бұл бағыттағы жұмыстың маңызына тоқталып, пікірін ортаға салды.

«Бұл жаңашылдық әсіресе қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде шығарындыларды 20 пайызға қысқарту қажеттілігі туындаған сәтте өте маңызды. Енді бұл деңгей жылдам анықталып, тиісті шаралар жедел қабылданады», — деп атап өтті.

Бұл тұста аймаққа ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев пен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан сапармен келіп, тұрғындар және қоғам белсенділерімен кездескенін айта кету керек. Олар экологиялық ахуал, жер қойнауын пайдалану және туристік аймақтардың тазалығына қатысты сұрақтарды талқылады. Кездесуде сөз алған экология жанашырлары Өскеменнің қысы-жазы түтін мен зиянды шығарындылар астында отырғанын, ірі кәсіпорын қалдықтарының толық бақылаудан өтпейтінін атап өтті. Белсенділер қадағалау тетіктерін күшейтіп, экологиялық нормаларды бұзған өндірістерге қатаң шара қолдануды талап етті.

Жомарт Әлиев бұл сынға жауап бере отырып, зауыттарды толық тоқтату шешім емес екенін, бірақ ауа сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Ол Қазақстандағы экологиялық нормалар ТМД ішінде ең қатаң екенін, алайда кей кәсіпорындар оларды орындауда техникалық қиындықтарға тап болатынын жеткізді. Сондықтан салада кең ауқымды модернизация қажет екенін атап өтті.

Өскемен мен Алматы: география әртүрлі, мәселе ортақ

Өскемен мен Алматыны жүздеген шақырым бөлгенімен, экологиялық мәселелері ұқсас. Екі қала да таулы аймақта орналасқан, температуралық инверсия жиі болады. Инверсия кезінде суық ауа қабаты ластанған ауаны төменде «қақпақтың» астында ұстап, бірнеше күн бойы таралмайды. Алматыда Қазгидромет жиі жағымсыз метеорологиялық жағдайларды жариялайды — желсіз және түнгі салқын шақтарда түтін тарамай, әсіресе таңертеңгі уақытта шоғырланады. Өскемен де дәл осындай. Айырмашылығы: Алматыда ауа сапасы бірнеше жыл бойы ұлттық деңгейдегі тақырыпқа айналды — онда автокөлік және ЖЭО шығарындыларын азайту белсенді талқыланады. Өскеменде ұқсас мәселелер болғанымен, бұл ұзақ уақыт бойы тек өңірлік деңгейде қаралып келді.

Әлемдік тәжірибе: ортақ мәселелер

Тау бөктерінде орналасқан қалалардың қыс мезгіліндегі «тұншығуы» — тек Қазақстанға тән құбылыс емес.
• Улан-Баторда PM2.5 деңгейі қыста нормадан 6–10 есе жоғары.
• Бішкекте көміртек тотығы, азот және күкірт диоксидтері аса қауіпті деңгейге жетеді.
• Лондондағы «Ұлы тұман» оқиғасы ауа ластануы мен қолайсыз ауа райының қауіпті үйлесімін дәлелдеп, ДДСҰ стандарттарының қалыптасуына негіз болды.

Жалпы, Экологиялық түйткіл әлемде де өткір тұр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының дерегі жаға ұстатарлық. Жыл сайын 4,5 миллион адам ауадағы ластаушы заттардың кесірінен жан тапсырады деген мәлімдеме жасалды.

Сарапшылар бұған орман өрттерінен шыққан түтін басты себеп деп отыр. Соңғы жылдары Еуропа ең ауқымды орман өрттерінің бірқатарын бастан өткерді. Бұл апат тек ормандардың жаппай жойылуына емес, сонымен қатар экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына да алып келеді. Жалыннан шыққан қою түтін мен улы бөлшектер ауа ағынымен көтеріліп, мыңдаған шақырым қашықтыққа дейін таралады. Олар атмосфераны ластап қана қоймай, ауыл шаруашылығына да үлкен қауіп төндіріп отыр.

25 бекет + мобильді зертхана: жаңа кезеңнің бастауы

Өскеменге енгізілген жаңа бақылау жүйесі экологиялық менеджменттің тиімділігін едәуір арттырады. Енді тұрғындар мен экологтар арасында жиі айтылатын «кім көп ластайды?» деген сұраққа нақты деректер арқылы жауап беріледі.

Өскемен экологиясы — өңір тұрғындарының денсаулығына, өмір сапасына және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне тікелей әсер ететін маңызды сала. Жаңа қайтарымды мониторинг жүйесі, мобильді зертхана, 25 стационарлық бекет және үш жылдық жоспар — қаланың экологиялық болашағына зор ықпал етуге қабілетті нақты қадамдар.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай өзгерістер бір маусымда нәтиже бермейді. Алайда бақылау ашық, шешім нақты деректерге негізделген жерде ең бастысы қалыптасады: тұрғындар экологиялық жағдай жасырылмай, оны жақсарту бағытында шынайы жұмыс жүргізіліп жатқанын сезеді.


Жайна Сыранова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу