Қазақстан өңірлік білім беру орталығына айналып келеді: шетелдік студенттер саны 35 мыңнан асты
Еліміз халықаралық білім беру кеңістігіндегі ықпалын жылдан-жылға арттырып келеді. 2025 оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында 88 елден келген 35 075 шетелдік студент білім алып жатыр. Бұл – Қазақстанның өңірлік білім беру хабы ретіндегі беделінің нығайып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаһандық интернационалдандыру үдерісінде Қазақстанның позициясы тұрақты күшейіп келеді. Шетелдік студенттер санының өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артуы елімізде сапалы білім беру бағдарламаларының, қолайлы академиялық ортаның және кәсіби дамуға ашылған кең мүмкіндіктердің бар екенін дәлелдейді.
Қазақстандық ЖОО-ларды таңдаған елдердің қатарында Оңтүстік Азия, Орталық Азия және Қытай мемлекеттері көш бастап тұр. Ең көп студент келетін елдер: Үндістан – 9 959, Түрікменстан – 9 089, Өзбекстан – 4 136, Қытай – 3 367, Ресей – 2 426.
Бұл деректер еліміздің медицина, инженерия, IT, педагогика және әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша ұсынатын бағдарламаларының бәсекеге қабілетті екенін айғақтайды.
Шетелдік талапкерлер елдің білім жүйесін бірнеше факторлар бойынша жоғары бағалайды: өңір елдерімен салыстырғанда қолжетімді оқу ақысы; қазақстандық дипломдардың халықаралық танылуы; жетекші ЖОО-лармен кең серіктестік байланыстар; заманауи инфрақұрылым және практикалық даярлыққа басымдық.
Оқуға түсушілердің басым бөлігі Алматы, Астана және Шымкент қалаларын таңдайды. Шетелдік студенттердің саны: Алматы – 18 195, Астана – 4 292, Шымкент – 3 645.
Алматы – Орталық Азиядағы ең ірі білім беру кластерін қалыптастырған мегаполис. Астана ғылыми зерттеулер мен халықаралық білім жобаларының орталығына айналса, Шымкент еліміздің оңтүстігіндегі индустриялық және академиялық хаб ретінде дамып келеді.
Шетелдік студенттерді тартуда көш бастап тұрған ЖОО-лар: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 4 497, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ – 2 687, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ – 2 483, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ – 1 759, М.Әуезов атындағы ОҚМУ – 1 730.
Ұлттық университеттердің шетелдік студенттер арасында сұранысқа ие болуы олардың ғылыми мүмкіндіктерінің артқанын, жаңа бағыттардың дамып жатқанын және халықаралық әріптестіктің кеңейгенін көрсетеді.
Ең танымал білім беру бағыттары: денсаулық сақтау және медицина – 12 950, педагогика – 5 943, бизнес және құқық – 4 539, инженерия – 3 374, ақпараттық технологиялар – 2 141. Бұл құрылым Қазақстанның өңірлік еңбек нарығы үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де бәсекелі маман даярлай алатынын растайды.
Соңғы жылдары жүргізілген реформалар – шетелдік университет филиалдарының ашылуы, ғылыми орталықтардың дамуы, стандарттардың жаңартылуы, академиялық желілердің кеңеюі – елімізді Орталық Азиядағы жетекші білім беру орталықтарының біріне айналдырды.
Министрлік ашықтыққа, халықаралық интеграцияға және сапалы білімді қолжетімді етуге бағытталған саясатты әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеді.